Алматыда Көрісу дәстүрі жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Көрісу дәстүрі жанданды

15.03.2014
Алматыда Көрісу дәстүрі жанданды
Осы аптада ұлттық құндылықтырамызды ұлықтайтын көрісу мейрамы аталып өтіледі. Ата-бабадан ұрпаққа мирас болған дәстүрлі мереке Наурыз мейрамының бастау алғанының белгісі.
 
Бұл күні адамзат баласы өткенге салауат айтып, келешектен жақсылық күтеді. Төс қағыстырып, құшақтасып көрісіп, еліне тыныштық тілейді. Осындай керемет салт өкінішке қарай, бүгінде еліміздің тек Батыс өңірінде сақталған. Сондықтан Қазақ ұлттық университетінің этнолог мамандары осы дәстүрді ел көлемінде дәріптеуді қолға алды.
 
Ақ қысты шығарып, шұғылалы көктемге аяқ басқан халқымыз бір-бірімен осылай құшақ жая қауышады. Төл мерекемізбен құттықтап, жыл басын ізгі ниетпен қарсы алады. Көрісу дәстүрінің де кереметі осында. Тарихшы этнолог - Тәттігүл Қартаева еліміздің осы жоралғысын жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін барын салды. Шәкірттеріне «Наурызнама» тойының қадірін тереңінен ұғындыруға тырысты.
 
Тәттігүл Қартаева, тарих ғылымдарының кандидаты:
Байырғы қазақ қоғамында қазақтар үшін қыс ауыр болған. Себебі қыс малға жұт әкелген. Ал, мал қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігін қамтамасыз еткен. Кисе - киім, ішсе-сүт, жесе-тамақ. Осы мал қоңының аман-есен шыққанына тәубешілік етіп, наурызды ұлан ғасыр етіп өткізген.
 
Мадияр Елеуов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Мынау бауырмалдықты, туысқандықты, адамға -адамның жақындығын көрсететін бұл бір бастамасы ғой. Мұны тек қазақ халқы емес, осы Қазақстанды мекендейтін басқа ұлттардың да осы салтты мойындауы керек, қабылдап, оған тікелей қатысу керек. Сонда достық нығая түседі.
 
Бабадан жеткен салт-ғұрыптарымыздың тарихы мына бейне фильмде. Бұны көзімен көріп, көкейіне түйген әрбір жас бүгінгі кеште қазақи дәстүрдің жекелеген түрінен қойылым ұсынды. Аруларымыз жігіттер қауымының ұйқысын ашса, бозбалалар бойжеткендерді селт еткізді. Әрі қарай күй күмбірлеп, әуезді ән шырқалды. 
 
Ержан Көкеев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің 1-курс магистранты:   
Қазақтың жоғын жоқтайтын этнограф мамандардың ұйымдастыруы ол көрісу мейрамының әлі де өлмейтіндігін дәлелдеп жатыр. Көрісу дәстүрін бізден көрген ұрпақтар кейін де жалғастырады. Насихаттап жүргені абзал деп санаймыз. 
 
Көңілді кештен соң, көрісуге келген қонақтар құрт-ірімшік, қазы-қарта, шұбат сынды ұлттық тағаммен жайылған «Наурыз» дастарқанына жайғасты. Бастысы, наурыз көжеден дәм татып, жылқы жылы елімізге молшылық әкелсін, деп тарқасты.
 
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу