Қызылордада жалғыз тауарлы-сүт фермасы бар. Ал ондағы сиырларды күтіп-баптау, уақтылы сауып, оның сүтін өткізу сияқты қат-қабат шаруаларды әйелдер атқарады. Осыған орай олар істейтін жұмыс та нәзік жандылардың ерекшелігін айшықтайды. Яғни, шаруашылықтағы барлық сиырлар көңілді музыканың ырғағымен сауылады. Соның нәтижесінде сүттің мөлшері күрт артып отыр.
Алғашқыда сиырлар Моцарт, Бетховен секілді классик композиторлардың музыкаларына елітетін. Қазір қазақтың күйлерін сүйсіне тыңдайды. Осындағы мал дәрігерлері Дина Нұрпейісованың «Боз інген», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқынын» қойып көріп еді, нәтижесі керемет болып шықты. Ара-тұра Асылбек Еңсепов пен «Ұлытаудың» орындауындағы күйлер де тыңдатылады.
Алтынкүл Досанова, сауыншы:
Азанда музыканы қосқанда ырғақпен сиырлар иіи бастайды, сол кезде сауа бастаймыз. Орта есеппен 30 литр сүт береді.
Алтынкүл Досанованың сүйікті кәсібі - сауыншылық. Жастайынан сиыр сауған келіншек бұл істің қыр-сырын бүгінде жетік меңгерген. Негізінде бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде ертеден қолданылады дейді ол. Яғни, музыканың сүт молшылығына әсер ететіні ғылымда дәлелденген.
Алтынкүл Досанова, сауыншы:
Сағат 7-де сауын басталады. Одан кейін 3-те, түнгі 11-де бастаймыз сауынды. Күніне 3 рет сауылады. Үш сағатта 500 сиырды сауып боламыз.
Ал Дарина есімді келіншек сиырлардың түсін түстеп, түрін жіктейді. Шаруашылықтағы венргиялық ірі қаралардың әрқайсысына еншілеп ат та қойып алған. Сиыларды жергілікті бұқалармен будандастырып, жаңа тұқым алуда да жемісті еңбек етіп келеді.
Дарина Сұлтанбай, шаруашылықтың өндіріс меңгерушісі:
Мақсат - 2016 жылдан бастап Қазақстанның ішінде осы буаз қашарларды сатып, табыс табу. Осы шаруашылықтың өзінде ғылыми зерттеу- орталығын ашу.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ