27 жыл етікші болған әйел - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

27 жыл етікші болған әйел

07.03.2014
27 жыл етікші болған әйел

Ақтөбелік Гүлнар Молдашева қара бояу, біз бен қайрақсыз отыра алмайды. Танауына желімнің иісі келмесе көңілі толмайды. Себебі, ол - еткіші.

 
Кәсібінің нәсібін көріп отырған 27 жылда шамамен 60 мыңнан аса аяқ киім жөндеген екен. Сұраныс көп. Қолының ебі мен ісінің тиянақтылығын көргендер мүгедектерге арналған аяқ киімге де тапсырыс берген. Тіпті, итке де етік тіккен кездерін күліп еске алады.
 
Жалға алған 3 шаршы метр жерде күніне өңі кеткен 5-6 аяқ киім жөнделеді. Гүлнар тапсырысқа сай тақасын қағып, сырмасын тағады. Бояп, жаңалайды. Ол үшін күш-қайрат, темірдей төзімділік пен ептілік қажет.
 
Гүлнар Молдашева, етікші:
Етікті тігу инемен кесте тігу сияқты. Қиын, жұмыстың оңайы жоқ.
 
Алғашында бұл істің табысы да мардымсыз болды. Етікшінің әйел екенін көргендер іркіліп қалатын. Сапалы қызмет көрсеткен соң, оған қайта айналып келетіндер көбейді.
 
Гүлнар етікшілікті тоқырау жылдары үйренді. Білмегенін сұрап, ерлердің ісіне үңіле жүретін. Кейбірі әйелдің қолынан келмейтін іс,  деп оны маңайлатпады да. Бірақ, Гүлнардың жігері мұқалмады.
 
Гүлнар Молдашева, етікші:
Үйрететін адам болған жоқ, өзім үйрендім. Ол уақытта кәсібімді біреулер тартып ала ма, деген уақыттарда болды. Соның барлығын өткізіп, осындай заманға келдік.
 
Жасы 50-ден асса да, Гүлнар етік тікпей, бос отыра алмайды. Себебі, киер киім, ішер ас, басына баспана - осы еңбектің арқасында келді. Арқалаған алғысы да мол. Етікші әйел үшін өзгелердің ризашылық ілтипатынан артық сый жоқ.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу