Ақтауда бір күнде 35 қаңғыбас анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда бір күнде 35 қаңғыбас анықталды

27.01.2014
Ақтауда бір күнде 35 қаңғыбас анықталды

Ақтаулық құқық қорғаушылар қаңғыбастарды анықтауға белсене кірісті. Таң қылаң бере коммуналдық құдықтарды аралап, кезбелерді ұйқысынан оятып алды. Шұғыл іздестіру іс-шарасы аясында бір күнде 35 адам табылып отыр.

 
Араларында құжатсыз жүрген шетел азаматтары, жасөспірімдер мен қыз-келіншектер де бар. Қолға түскендердің барлығы арнайы орындарға жөнелтілді.
Кезбелер күні бойы бүрсең қағып көше кезеді де, коммуналдық құбырлардың құдығына кіріп түнейді. Бірақ, бұл жолы олардың ұйқысын тәртіп сақшылары бұзды.
 
Жатқан жерлері қараңғы қапас, әрі қоқысқа толы болғанымен жылы, сондықтан да, өздеріне жайлы көрінеді. Алғашқы құдықтан 3 адам табылды. 
 
Бекболат Жолдасов:
2000 жылы Өзбекстаннан келдім. Отбасым, ағайын-туыс жоқ.
 
Алысқа бармай-ақ, тағы бір құдықтан зіңгіттей жалғыз жігіт шықты. Полицейлер шаһарды тынбай шарлады. Тіпті, қала аумағындағы  бейіттерді де  шолып өтті. Бір топ кезбе көшеден кездесті. Алдымен оларды Ішкі істер бөліміне жеткізіп, мәліметтер базасына тіркеді. Олардың тағдыры әртүрлі.
 
Бұлар қаңғыбастыққа қилы жолмен түскен. Бірі отбасынан айырылса, бірі азаматтығын ала алмай жүрген қандастар болып шықты. «Көше кезбелері қоғам үшін қауіпті болып отыр», дейді құқық қорғаушылар.
 
Аманнилла Абдуатов , Ақтау қалалық ІІБ ӘПБ басшысының орынбасары:
Әртүрлі жұқпалы аурулар жұқтырып, қоғамдық орындарда қайыршылықпен айналысып жүр. Соның алдын алу үшін осы іс-шараны өткізудеміз.
 
«Қаңғыбас» алдын алу іс-шарасы екі күнге созылмақшы. Алғашқы күннің өзінде 35 адам ұсталды. Оның 2-еуі - елге келіп-кету заңын бұзған Өзбекстан азаматшасы. Ал тағы 3 азамат жақын шетелден келген.
 
Барлығы бейімдеу орталығына жеткізілді. Мұнда ас-суын беріп, құжаттарын дайындап, әлеуметтік көмек көрсетеді. Бірақ, олардың басым бөлігі үйреншікті әдетіне қайта кіріседі екен.
 
Дүйсенбек Сарғожаев, Ақтау қалалық Әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры:
Олардың құқығы шектеусіз. Кез-келген жағдайда рұқсат қағазын алып, шығып кетуге мүмкіншілігі бар. Барып, қайтып айналып келеді, түрлі сылтау айтады.
 
Мамандар қаңғыбастықтан құтылып, жаңа өмір бастайтындары тым аз, - дейді. Қыстыгүні көбі үсіп қалады екен.
 

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу