Ауылды ауызсумен қамту мәселесі шешімін күтіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылды ауызсумен қамту мәселесі шешімін күтіп тұр

23.01.2014
Ауылды ауызсумен қамту мәселесі шешімін күтіп тұр

Қазақстандағы 8 мыңға жуық елді мекеннің тең жартысында су жүйелері тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. Шалғай ауылдарда ауызсу мәселесі толық шешілмеген. Бұл туралы бүгін «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін жобалаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конференцияда айтылды.

 
Ауызсудың азабын тартып жүрген жандардың бірі - Серікбай Төлектеміров. Зейнеткер тіршілік көзін бірнеше шақырым жерден тасып ішуге мәжбүр. Тиісті мекемелерге мұңын шағып, суға қолының жетпей отырғанын сан мәрте айтқан. Алайда, онысына құлақ асқан ешкім жоқ.
 
Серікбай Төлектеміров, Максимовка ауылының тұрғыны:
Осы ауылдың басшысы жоқ па? Ешқандай ұйым қабылдамайды деп суды жауып тастап отыр. Жанар-жағармай бекетінің жанындағы колонка қатып қалады.
 
Судың да сұрауы бар екені рас. Коммуналды сала қызметкерлерінің шешілмеген мәселе жайында айтар өз уәжі бар. Олар су жүйесін тарту саласының мамандары тапшы екендігін айтып ақталады. Еліміздегі жоғары оқу орындарында су саласы бойынша кадр дайындайтын бөлімдер саусақпен санарлық. Бірақ бұл көп себептің бірі ғана.
 
Жаңбыршы Нүркенов, Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ұлттық палатасы Президиумының төрағасы:  
Тендерде білімі жоқ, біліктілігі жоқ ұйымдар кіріп кетеді де құрылыстың сапасы нашар болады. Жоба жақсы болғанымен, орындау нашар болады да, жұртта су болмай қалады. Білікті, білімді ұйымдар аз.
 
2012 жылы Қазақстанда «Ақ бұлақ-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2,4 мың шақырым су құбыры мен кәріздік желі жөнделді. Жалпы сомасы 43,2 миллиард теңгеге қалалық жерлерде сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің 104 жобасы, ауылдық жерлерде 33,9 миллиард теңгеге 235 жоба жүзеге асырылды.
 
Бірақ та жіберілген қателер, кем-кетік тұстар да бар. Аталған бағдарлама аясында 10 жылға 3 триллион теңге бөлінді. Ол - жылына 300 милилард теңге тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалады деген сөз.
 
Жалпы сала басшылары 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне қолжетімділік 80 пайызға жетеді деп сендіреді. Уәде шынға айналса, Серікбай Төлектеміров сынды қариялар ауызсуға зар болмайды.
 
 
Индира БЕГАЙДАР
 
 

Хабарламаларға жазылу