Шымкентте студенттер арасындағы текетірес өліммен аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте студенттер арасындағы текетірес өліммен аяқталды

14.01.2014
Шымкентте студенттер арасындағы текетірес өліммен аяқталды

Шымкентте талтүсте жасөспірімдерге оқ атылды. Соның салдарынан 16 жасар жеткіншек қаза болды. Қаладағы колледждердің бірінің алдында өзара әңгімелесіп тұрған он шақты  студентке белгісіз біреулер көлікпен өтіп бара жатып, оқ жаудырған.

 
Топ ішінде бір жасөспірім ауыр жарақат алды. Тағы бір қаңғыған оқ оқиға орын алған жерден өтіп бара жатқан ер кісінің қолына тиген. Ауыр жараланған бозбала ауруханада операция үстелінде тіл тартпастан кетті. Кейін анықталғандай, марқұмның есімі Рамазан Лесбеков екен. Қытайда білім алатын ол оқиға орнына достарымен кездесуге келіпті.
 
Тергеу барысында қанды қақтығыс екі колледж студенттері арасындағы ерегістен тұтанғандығы анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер мінген көлік табылды. Олар қолданған шолақ мылтық іздестіріліп жатыр.
 
Сәбит Байбосынов, жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:
Операция кезінде оқтың жүрек пен өкпені тесіп өткені анықталды. Оны тігу кезінде науқастың жүрегі тоқтап, биологиялық өлім тіркелді.
 
Салтанат Қаракөзова, облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
Күдікті азаматтардың тұлғалары анықталды. Олар - 1995 жылы туған Шымкент қаласының 6 тұрғыны. Колледжде оқиды. Қазір екеуі қамауға алынды.
 
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу