Жылыжай тұрғызудан оңтүстік өзгелерден озық тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылыжай тұрғызудан оңтүстік өзгелерден озық тұр

08.01.2014
Жылыжай тұрғызудан оңтүстік өзгелерден озық тұр

Халық көп тұтынатын көкөністің қызанақ пен қияр сияқты түрлері елімізге негізінен Қытай мен Өзбекстаннан тасымалданады. Мұндай тәуелділіктен құтылу үшін мамандардың есебінше, жылыжайлардың аумағын 9 мың гектарға жеткізуіміз керек екен. Бұл межені бағындыратын күн де алыс емес.

 
Бұл екі гектар жылыжай кешені биыл жыл басында бой көтерді. Голландиядан элиталы қияр тұқымы жеткізіліп, егілді. Қазір шаруалар екінші мәрте өнім жинап жатыр.
 
Елнұр Бабаханов, агроном:
Қазір өнім жинау науқаны болып жатыр. Осыны теріп, қалаға, ауылға сатуға шығарамыз. Әр екі-үш күнде өнім теріледі. Үлгермей жатсақ, асарлатамыз, 15-20 адам істейміз.
 
Тірліктің тиімділігін түсінген кәсіпкер енді тағы қосымша бірнеше гектар жерге жылыжай салып, құлпынай өсірмекші. Қазір алдын-ала бірнеше жиекке егіп көріп, өнім көлемі қандай болатынын күтіп отыр. Бұл кешеннің құрылысына мемлекет тарапынан елеулі көмек көрсетілді.  
 
Үмбет Жүсіпбаев, кәсіпкер:
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бізге мемлекет жол салып берді. Тік ұңғыма, яғни, артезиан құдығын берді. Электр жүйесін жүргізіп берді. Осылай істеп жатқан жағдайымыз бар.
 
Ал Ордабасы ауданында аумағы 11 гектар құрайтын жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұндай аумағы атшаптырым кешен елдің өзге өңірінде жоқ.
 
Биыл маусым айында басталған іс жақын арада аяқталып, келер көктемде алғашқы жемісін береді деп күтілуде. Қазір облыста 710 гектар аумақта жылыжайлар орналасқан. Жылдың соңына дейін оған тағы 20 гектар қосылады, деген жоспар бар.
 
Қанатбек Оспанбеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
2013 жылдың қорытындысы бойынша осы жылыжайлардан 200 мың тоннаның үстінде өнім жиналды.
 
Келер жылы аймақтағы жылыжайлар аумағын 1000 гектарға жеткізу ойластырылып отыр. Оған жер де жетеді, істі қолға алуға ниеттеніп отырған шаруалар да баршылық.
 
Тағы бір айта кететін мәселе - негізінен бұл жылыжайларда өсірілген өнімнің құны қымбат емес. Бағаны аспандатып жіберетін арадағы алып-сатарлар дейді ауылшаруашылығы мамандары. Сондықтан, қазір алынған өнімді еш делдалсыз тікелей тұтынушыға жеткізудің жолдары қарастырылып жатыр.
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу