Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайдан 120 мың тонна өнім жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайдан 120 мың тонна өнім жиналды

19.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының шаруалары жылыжайдан 120 мың тонна көкөніс жинады. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жиналған өнімнің 99 мың тоннасы қызанақ, қалғаны қияр. Оның 90 пайызға жуығы еліміздің солтүстік облыстары мен көршілес Ресейге саудаланған. Жалпы, аймақта жылыжай шаруашылығының кең өріс алуы жұмыссыздықты азайтуға және қазынаның кірісін арттыруға негіз болып отыр.  

Жылыжай шаруашылығында диқандар заманауи озық технологияны барынша пайдаланып отыр. Егіндіктер тұтастай тамшылатып суарылады. Бұл ылғалды үнемдеуге және әрбір түпке қажетті қорегін толық жеткізуге мүмкіндік береді. Жылыжайда  жылыту, зиянкестермен күресте  де жаңашылдық бар. Соның арқасында шаруалар әр  гектардан 100 тоннаға дейін өнім жинауда.

Шығынды мейілінше азайту үшін көптеген шаруашылықтар көкөніс көшетін арнайы тұқымбақта өздері өсіреді. Бұл әдіс өсімдіктің сол жерге жылдам бейімделуіне пайдалы. 

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жылыжайдың тең жартысынан астамы Сарыағаш ауданында орналасқан.  Қазір 570 гектарға жетті. 13 мыңнан астам азамат осы істің қыр-сырын  меңгеріп, жылыжайдағы диқандық кәсіппен  несібе айырып келеді.

Ергеш Әбішев, Сарыағаш ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- 2016 жылмен салыстырғанда өнім көлемі артып келеді. 2017 жылы 13 мың тоннаға артты. Биылғы жылы 60 гектар жерге жаңадан жылыжай салу жоспарланып отыр. Соның өзінде өнім көлемі 223-230 тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Жылыжай аумағын арттырудың аймақ үшін ең тиімді тұсы жұмыссыздар саны азайып келеді. Жаңадан салынып жатқан жылыжайлар есебінен биыл тағы мыңға тарта азамат еңбекке тартылмақ. Мұнан бөлек, жыл сайын  одан алынатын өнімнен қазынаға 500 миллион теңгедей салық түседі. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу