Каспий теңізіне аққулар келе бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий теңізіне аққулар келе бастады

02.01.2014
Каспий теңізіне аққулар келе бастады

Каспий теңізіне аққулар келе бастады. Күн суықта жететін жыл құстарын тамашалауға көпшілік толассыз ағылып жатыр. Аққулар теңізде ерте көктемге дейін жүреді.

 
Тұла бойына сұлулық тұнған құс патшасы - аққу кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз пәктіктің символы. Аққудың салмағы - 7-13 келі. Қанатының құлашы - 1,5 метр. Ерекше ұзын да әсем мойынын тік ұстайды. Сарғыш қызыл тұмсығының ұшы қара түсті. Мұндай сұлулықты көру үшін ат арылтып алыстан келетіндер көп.
 
Петр Соколов, қала қонағы:
Мен Оралдан келдім. Өте әдемі құс екен. Былтыр аққулар кештеу келді деп естідім. Қазір өз көзіммен көріп, сұлулығына тамсанып тұрмын.
 
Аққулар 3-7 жұмыртқа салады. 40 шақты күнде балапан өргізеді. Жұмыртқа шайқайтын - аналығы. Аққудың балапанын «көгілдір» деп атайды. Анасындай аппақ болмаса да, көгілдірдің көркемдігі көз тоярдай ерекше. Олар 3-4 түлеп барып, аққуға айналады. Көгілдірі 4 жасқа дейін ата- анасының жанында жүреді. Аталығы - «сапар» делінеді. Аққулар 30-40 жыл өмір сүреді екен.
 
Ділназ Сейдахмет, оқушы:
Мен аққуларды бірінші рет көрдім. Олар әдемі екен. Мен достарымнан естідім, оларды тамақтандыру керек екен. Мен оларға нан беріп жатырмын.
 
Малика Боқаева, оқушы:
Олар өте әдемі. Олар тұмсықтарын қосқанда әдемі жүрек шығады. Мен үйге барған соң тұмсықтарын қосып тұрған суреттерін салып, қабырғаға іліп қоямын.
 
Құс біткеннің төресі - аққу өле-өлгенше бір-біріне серік болады. Сыңарынан айрылса өмір бақи жалғыз өтеді. Олар сонысымен де ерекше. Аққулар 8,5-9 мың метр биіктікке дейін көтеріліп, сағатына 90-100 шақырым жылдамдықпен ұшады.
 
Айнұр Отаралиева, мұражай маманы:
Каспий теңізіне 1875 жылдан бастап келген. Аққулар сыбырлақ және сұңқылдақ аққу болып екіге бөлінеді. Сыбырлақ деп аталуы себебі: қанатын қағып ұшқанда сыбырлаған дыбыс шығарады екен.
 
Жазира Әбіл, тілші:
Қыс мезгілінен басқа уақытта Маңғыстау жұртшылығы мен қала қонақтары аққуды тек мұражайдан тамашалай алады. Мәселен, мына эспонаттан аққудың сыбырлақ түрі орын алған. Каспий теңізінің жағасына мұз қатпайтындықтан аққулар осында қыстап кетеді. Махаббат және сұлулық символына айналған бұл құстар көк айдында ерте көктемге дейін жүреді.
 
Аққулар туралы ән де, жыр да, күй де жеткілікті. Чайковскийдің «Аққу көлі», Мұқағалидің «Аққулар ұйықтағанда», Нұрғисаның «Аққу» атты шығармалары киелі құсқа деген адамзат сүйіспеншілігінің куәсі.
 
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу