Жамбыл облысында жас бүркітшілер арасында ел біріншілігі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жас бүркітшілер арасында ел біріншілігі өтті

29.11.2018

Бекзат бітімді бүркіттің бабын келістірген жастардың бұл жолғы өнері тіптен ерекше болды.

Бүркітші Бауыржан Ешметов немересін бүлдіршін кезінен бекзат өнерге баулып келеді. Алғашында қансонарға қаршығамен шығарып, қабілетін ашты. Осылайша, құсбегіліктің қыры мен сырына қанығып өскен Шернияз қазір бүркіттерін өзі баптайды.

Шернияз Бауыржан, жас бүркітші:

- Бұл құсты кішкентай кезімнен көріп өсіп келе жатырмын. Атамыз құсты қалай ұстауды, қалай баптауды үйретіп, бәрін бізге сіңіріп келе жатыр. Өзіміз осы құспен айналысып жүрміз.

Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып отырған ұлттық өнер жарысына Шерниязбен бірге 20-ға жуық жас бүркітші қатысты. Арнайы алаңқайда 14 бүркіт пен 5 қаршығаның томағасы шешілді.  

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Қыран құс додаға дайын болуы үшін бірінші оның бабы келісуі тиіс. Ол үшін не арық, не семіз болмауы керек. Арық болса, алқынып аңға жете алмайды, семіз болса айнып, аңға түспейді. Мына сұңқар құс сүйріктей болып тартылып, сынға дайын болып тұр.

Жарыс жолында атыраулық жас бүркітші Самат Әбдукәрімұлы қыранынан қашқан аң құтылмайтынын дәлелдеді. Ал, жүлделі екінші орынды Түркістан облысынан келген жас бүркітші жеңіп алса, үшінші орын қолына қаршығасын қондырған Шерниязға бұйырды.

Базарбек Күнтуғанұлы, аға жаттықтырушы:

- Бүгін ауа райы өте қолайлы болды деп айта алмаймын. Желді болды. Сонда да бүркіттеріміз қырағылық танытып, жарыс барысында жақсы нәтижелер көрсетті. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында біздің құсбегілікті, ұлттық құндылықтарды дамыту үшін өте үлкен шаралар өтіп жатыр.

Бүркітшілердің байқауы қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 3-і аралығында өтетін халықаралық жарыста қыза түспек. Жеңіске жеткен жас саятшылар Алматы облысында өтетін ашық Азия чемпионатына жолдама алды. Бүгінгі кездесу әлемнің 11 елінен бүркітшілер жиналатын жарысқа дайындықты пысықтап алуға да пайдалы болды.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу