Астана іргесінде құсбегілердің сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана іргесінде құсбегілердің сайысы өтті

22.10.2018

Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнир елорданың 20 жылдығына орайластырылды. Еліміздің әр қиыры мен Моңғолиядан келген 30-ға жуық саятшы осымен 4-ші жыл «тірнек», «мұзбалақ», «қолбалаларын» қияға ұшырып, аңға салды.

Саятшылардың додасына 30-ға жуық бүркітші қатысты. Олар қырандарын еркін ұшыру, қолға қондыру, аңға салу сияқты түрлі сынақтарға салды.

Тәттімбет Кәпұлы, құсбегі:

- Жастарымыз да ілесіп келе жатыр. Өзіңнің жеке дара шауып, шыңға шыққаныңның пайдасы жоқ. Артыңда бір тұяғың қалмаса деп жүрміз.

«Бүркіт салсаң алтайы түлкіден тымақ киерсің» деген қазақ. Ал, қазір саятшылықтың бұл түрі біздің елімізде спорт ретінде қарқынды дамып келеді. Дегенмен, ұйымдастырушылар тарапы алдағы уақытта дала халқына ғана тән өнерді шетелден турист тартатын кіріс көзі ретінде дамытуды көздеп отыр.

Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұл жарысқа үлкен құстар бүркітпен ғана емес сұңқар, ителгі, қаршыға деген сияқты кіші құстарды да қатыстырып, осы чемпионаттың бір жарыс бөлігіне қосып отырмыз. Сондықтан, алдағы уақытта бұл сайысқа шетелден де көрермен ретінде де, жарысқа қатысушы ретінде де адамдар тартылады деп ойлаймыз.

Атадан балаға дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнерден жастар да кенде емес. Оны қос қолына да қыран қондырған жастардың суырылып алға шығып, жүлде алуынан ақ байқауға болады.

Айшуақ Байманов, құсбегі:

- Жарысқа Маңғыстаудан 1 жасар бүркітімді сосын сұңқарымды, ителгімді алып келдім. Көрсеткіштер жаман емес. Бүркітшілер арасынан 3-орынды, ителгіммен 1-орындамын.

Уағында аңшы саятшылардың қаруы, қаруы ғана емес, серігі болған қыран құс бүтін елді асыраған кездері де болған. Осыдан болар құс біткеннің сырттаны қазақ халқы үшін киелі саналады. Тіпті бүркіттің бабын тапқандар құстың сынын жырға да қосқан.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу