Петропавлда әмбебап теннис орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда әмбебап теннис орталығы ашылды

12.10.2018

Мемлекеттік-жекенменшік әріптестік аясында салынған ғимараттың жалпы аумағы 7200 шаршы метрден асады. Жалпы салынған инвестиция көлемі 1 миллиард 700 миллион теңгеден асты. Заманауи үлгіде салынған спорт кешенінде болашақта ірі республикалық және халықаралық жарыстар өткізіледі.

Банк пен әкімдік арасындағы келісімнің нәтижесінде бой түзеген спорт кешені шаһар жұртшылығы үшін аса қажет. Бұл - теріскей жерінде келешек спорт саңлақтарын  тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік. Ел болашағына салынған инвестиция.

Гурам Андроникашвили, «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы:

- Менің ойымша, бұл Петропавл үшін, облыс үшін ерекше жоба. Біз осындай маңызды да әдемі спорт түрінің дамуына үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі. Бұл кешен тек жаттығу мен жарыс залы ғана емес, барша петропавлдықтардың мақтанышына айналатынына сенімдімін.

Осы күнге дейін еліміз бойынша тек Петропавлда ғана теннис орталығы жоқ-тын. Енді, міне, алып кешен есігін айқара ашты. Орталықта 4 жабық және 3 ашық теннис корты, 1210 орындық көрермен залы бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында былтыр басталған спорт кешенінің құрылысы бір жылдың ішінде ел игілігіне берілді.

Диас Досқараев, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті:

- Көптеген жарыстар ұйымдастырамыз. 2019 жылы бұл жерде 10 республикалық жарыс, 2 халықаралық жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Көптеген теннисшілер келеді. Әрине, бұл кішкентай балаларға тәжірибе алуға, жақсы нәтиже көрсетуге жақсы мүмкіндік. Жанкүйерлерге де, ата-аналарға да жақсы теннис көруге үлкен мүмкіндік.

Кешенде үстел теннисімен айналысамын деушілерге де бар жағдай жасалған. Сондай-ақ, орталықта волейбол, баскетболға арналған залдар да жұмыс істейді.

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу