Данияр Елеусінов екінші рет жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Данияр Елеусінов екінші рет жеңіске жетті

07.06.2018

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Лондонда өткен бокс кешінде отандасымыз мажарлық  Золтан Шабоны жеңді. Жекпе-жек жоспарланған 6 раундқа созылды. Алғашқы сәттен-ақ басымдықты ұстаған Данияр соңына дейін қарсыласын қыспаққа алумен болды. Нәтижесінде төрешілер шешімі бойынша отандасымыз жеңіске жетті.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуін 28 сәуір күні өткізді. Нью-Йоркте өткен бокс кешінде америкалық Ноа Кидті 3-ші раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Қазақстандық боксшы келесі кездесуін 28 шілде күні Лондонда өткізеді деп жоспарланып отыр. Әзірге қарсыласының нақты кім болары белгісіз.

Ал, даңқты отандасымыз Геннадий Головкин «IBF» тұжырымы бойынша Әлем чемпионы  атағынан айырылып қалды. Себебі, Головкин 3 тамызға дейін «IBF» бойынша міндетті қарсыласы Сергей Деревянченкомен жекпе-жекке шығудан бас тартқан. Қазақстандық боксшының командасы бұл жұдырықтасуды кейінге қалдыруды сұраған. Алайда, бұл өтінішті халықаралық ұйым қабыл алмады. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу