Қазақстандық биатлоншылар Әлем кубогының бірінші кезеңінде қола медальға қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық биатлоншылар Әлем кубогының бірінші кезеңінде қола медальға қол жеткізді

27.11.2017

Қазақстандық биатлоншылар Галина Вишневская мен Максим Браун Швецияның Эстерсунд қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының бірінші кезеңінде жүлделі орыннан көрінді. Отандастарымыз аралас эстафетада қола медальға қол жеткізді. Қазақстан биатлон тарихында қазақстандық спортшылар эстафеталық сында алғаш рет жүлде алып отыр. Галина Вишневская мен Максим Браунның жетістігі – жанкүйерлер күтпеген тосынсыйға бағаланып отыр. Аралас эстафетада австриялық биатлоншылар Лиза Тереза Хаузер мен Симон Эдер жеңіске жетті. Екінші орынға неміс биатлоншылары Ванесса Хинц пен Эрик Лессер ие болды. Ал, үшінші орынға әйгілі француз биатлоншылары Мари Дорен-Абер мен Мартен Фуркадты басып озған қазақстандық спортшылар ие болды. Айта кетейік, Эстерсундтағы Әлем кубогының бірінші кезеңі 3 желтоқсан күні аяқталады. Одан кейін араға 5 күн сала Австрияның Хохфильцен қаласында екінші кезең бастау алады.

Максим Браун, Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Биылғы маусым біздің құрама үшін сөзсіз үлкен жетістікпен басталып отыр. Тіпті, Қазақстанның биатлон тарихында мұндай жетістік болмаған. Жазда біз осы додаларға тыңғылықты дайындалдық. Алайда, тұғыр төріне көтерілеміз деген ой мүлде болмады. Бір жағынан сәттілік те жолдас болды.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу