«Kazsport» телеарнасы HD форматында хабар тарата бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kazsport» телеарнасы HD форматында хабар тарата бастайды

08.09.2016
«Kazsport» телеарнасы HD форматында хабар тарата бастайды

Еліміздегі алғашқы спорт арнасы «Kazsport» 2016 жылдың 10 қыркүйегінен отандық және әлемдік спорттық шаралардан HD форматта хабар тарата бастайды. Футбол матчтарының, боксшылар кездесуі мен палуандар белдесуін, Геннадий Головкиннің жеңістері мен «Астана» командасының Еуропа лигасындағы кездесулері, «Барыс» командасының хоккей алаңдарындағы жетістіктері енді анық бейнесімен ғана емес, сондай-ақ, жарқын дыбысымен де көрерменді таң қалдырмақ. Көрермен түрлі спорттық жарыстарды 5 есе қанықтылықпен тамашалайтын болады.

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Бұл 4 миллион аудиториясы бар «ОТАУ ТВ» спутникті операторына ғана емес, қазақстандықтарға да жағымды жаңалық деп білемін. Себебі, бұл отандық телевизияның жоғары сапада хабар таратуға жасаған алғашқы қадамдарының бірі ғана. Енді басты спорт арнаның бейнесі бұрынғыдан да қанық бола түседі. Оның үстіне «ОТАУ ТВ» операторындағы тегін пакеттер қатарын толықтырды»,-деді.

Анық дыбыс, жоғары сапа «ОТАУ ТВ» операторының тегін пакетіндегі телеарна көрермендерінің барлығына қолжетімді болмақ. Мұндай мүмкіндік жаңа қазақстандық KazSat-3 спутнигіне ауысқаннан кейін пайда болып отыр.

Хабар таратудың бұл нұсқасын орнату үшін ОТАУ ТВ HD қабылдағышы болуы керек. Егер абонентте мұндай қабылдағыш болмаса, онда 6-шы арнада SD форматындағы хабар таратудың қарапайым режимі орналасқан. Спорттық жарыстардың трансляциясын көрермен сонымен қатар, kazsport.kaztrk.kz сайтынан онлайн режимде тамашалай алады.

Телеарнаның техникалық қабілетінің артуының арқасында биылғы жылдың ең маңызды спорттық оқиғасы – Геннадий Головкин мен Келл Брук арасындағы жекпе-жек  ерекше болары сөзсіз. Әлемдік оқиға алғаш рет «Kazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілмек.  Аталмыш жекпе-жек 10 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 00:00-де көрсетіледі.

«Kazsport» - жеңіске бірге жетейік!» - бүгінде бұл алғашқы спорт телеарнасының  ұраны ғана емес, заманауи Қазақстанның өмір салты. 

Хабарламаларға жазылу