Құс өсіру – тиімді кәсіп
Құс өсіру – тиімді кәсіп көзі. Бұған жетісулық Серік Бимұханбетовтің шаруашылығы айқын дәлел. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасымен үй іргесіндегі шағын ауласын нағыз құс патшалығына айналдырған. Қаз-үйрек пен тауық өсіріп қана қоймай, оның етін ыстап, шұжыққа дейін жасайды. Құс өсірушінің тіршілігін тілшіміз Думан Алтынбекұлы көріп қайтты.
Думан Алтынбекұлы, тілші:
Кәсіптің көзін тапқанға 50 сотық жердің өзі үлкен ферма. Көксулық азамат үйінің алдында 600 басқа жуық құс өсіріп, ұсақ мал мен ірі қара бордақылап отыр. Ең бастысы - етті шикізат ретінде ғана емес, ыстап, дайын өнім ретінде сатады.
Бұл аулада қаз қаңқылдап, үйрек бақылдап, тауық қыт-қыттап, нағыз тірлік қайнап тұр. Құдды бір құс патшалығы секілді. Көксулық Серік Бимұханбетов «Ауыл аманатымен» несие алып, үй ауласын осындай берекелі шаруашылыққа айналдырған. Қазір мұнда ет пен жұмыртқа өндірісі қызып тұр.
Серік Бимұханбетов, шаруашылық жетекшісі:
Бройлер айына бір тоннаға дейін, сонан кейін жылына екі жүз, үш жүз қаз және үйрек шығаруға тырысамыз. Жұмыртқа саласына келсек, ол жаңа бастап жатқан саламыз. Күніне елу, алпыс жұмыртқа аламыз. Негізгі сату алаңы Талдықорған қаласы, коммуналдық базар.
Кәсіпкер құстың етін ыстап, малдың етінен шұжық әзірлейді. Табиғи өнімге сұраныс мол, сондықтан көбіне арнайы тапсырыспен сатады. Міне, осындай шағын шаруашылықтардың арқасында құс саны артып келеді. Жалпы, облыста қазір екі миллионға жуық қанатты бар.
Мұрат Тілеубаев, Жетісу облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Облысымызда құс шаруашылығымен бізде 4 шаруашылық айналысады. Оның ішінде жұмыртқа өндірісімен айналысатын бір шаруашылығымыз бар. Ол жылына қуаттылығы 300 млн жұмыртқа өндіреді.
Дәл осы Көксу ауданында жылына 15 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынбақ. Қазір жер және қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Жалпы, Серік Бимұханбетов секілді еңбекқор азаматтар шағын шаруашылықтың өзімен-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосуда.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы