Басты Жаңалықтар Жаңа стадион, автовокзал мен теміржол вокзалы салынып жатыр

Жаңа стадион, автовокзал мен теміржол вокзалы салынып жатыр

Маңғыстау облысында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Ақтауда 10 мың көрерменге арналған стадион мен заманауи автовокзал салынып жатыр. Ал Бейнеу ауданында жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға жақын. Ауқымды жобалар өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыра түспек. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Өңірдегі ірі құрылыс жобаларының бірі - Ақтаудағы жаңа стадион. Аумағы 17 гектардан асатын спорт кешені 10 мың көрерменге арналған. Стадион УЕФА талаптарына сай төртінші санатқа сәйкес салынып жатыр. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ жаттығу академиясы мен командаларға қажетті инфрақұрылым жасақталуда.

Азамат Өсімбеков, мердігер мекеменің басшысы:

Шөп жабыны табиғи болады. Бұл жай ғана стадион емес, мұнда академия да болады. Өңір үшін ең бастысы – жаттығу процесі. Біріншіден, команданың ойын өткізетін орны болады. Сонымен қатар, болашақ футболшылар мен басқа да спортшыларға арналған үлкен жаттығу лагері болады.

Ал қаланың 36-шағынауданында жаңа автовокзал бой көтерді. Құрылыстың жалпы құны - 2,5 миллиард теңге. Үш қабатты ғимарат тәулігіне 10 мыңға дейін жолаушыға қызмет көрсете алады. Нысан пайдалануға берілген соң ауданаралық және қалалық маршруттар осы жерге көшірілмек.

Еділ Ратов, облыстық Көлік және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

Автовокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, жалпы облыстың ішіндегі маршруттарды бір орталыққа шоғырландыруға негізделген. Жоба қазіргі таңда орындалу мерзімі 90 пайызды құрап тұр. Ішкі әрлеу, абаттандыру, перонды орнату жұмыстары, инженерлік желідерді жүргізу жұмыстары жүргізілуде. 

Ал Бейнеу ауданында жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метр. Бұл бұрынғы вокзалдан 15 есе үлкен. Үш қабатты ғимарат бір мезетте 1300 жолаушыны қабылдай алады. Қазір ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстарының 90 пайызы орындалған.

Сисенбек Қалдықараев, Бейнеу аудандық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және атомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Бұрынғы ескі вокзал тәулігіне 20 -ға жуық жолаушылар пойызын қабылдайтын, әрине өте тар, жолаушыларды күту залы болған жоқ деуге болады. Мына салынып жатқан вокзалды қазір халық қуана қашан ашылады деп күтуде. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып жатқан құрылыс. Халық игілігіне берілгенде өте тамаша, қолайлы, керемет заманауи құрылыстардың бірі болып саналады. 

Жаңа вокзалда жолаушыларға арналған күту залдары, демалыс аймақтары қарастырылған. Құрылыс алаңында 130-дан астам жұмысшы еңбек етіп жүр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

Бөлісу