Басты Жаңалықтар Төрт түрлі бағытта жұмбақтар жинағы жарық көрді

Төрт түрлі бағытта жұмбақтар жинағы жарық көрді

Бүгін Таразда алғаш рет көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған 4 түрлі форматта жұмбақтар жинағы жарық көрді. Бақытжан Советұлының «Әріптер әлемі» шығармасы Президенттің «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында инклюзивті бағытты қамтиды.

Жалпы жинақта әліппедегі 42 әріпке қатысты жұмбақтар топтастырылған. Ерекшелігі - брайль және үлкейтілген жайпақ баспалы қаріпте терілген. Сондай-ақ бедерлі графикалық суреттермен, QR код арқылы  дыбысталған аудионұсқада қолжетімді. Жинақты дайындауға қаладағы №69 орта мектеп оқушылары қатысқан. Олар шығармаларды кітапхана студиясында өз дауыстарымен дыбыстаған. Бастама «Балалардан балаларға» жобасы негізінде жас оқырмандардың шығармашылық белсенділігін арттырады, дейді ұйымдастырушылар.

Бақытжан Советұлы, сатирик ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Әр 42 қазақтың әріптерін тек қана өлеңдеп емес, сонымен қатар жұмбақтап келтірдім. Яғни сол жұмбақтың шешімін өздері табуы керек, сондықтан да әріпті жақсы білетін балалар сөз, ары қарай сөйлем құрап, ары қарай дамып, білімі мен біліктілігін арттыра береді. Міне осы оймен де бүлдіршіндерге сый жасайын деп шығарылған кітап болатын.

Жалпы бүгінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада 3 мыңнан астам оқырман бар. Оның 950-і зағип жан. Ал 15 жасқа дейінгі көзі көрмейтін бала саны – 150. Сондықтан «Әріптер әлемі» балалар сұранысына сай жарыққа шығып отыр.

Мүсілім Әжіқал, №2 «Болашақ» мектеп - интернатының оқушысы:

Брайль қаріпімен мен көптеген ертегілерді оқимын. Мысалы, «Мысық пен тышқан», жұмбақтарды, сөйлем. Бүгінгі шыққан жаңа кітап маған ұнады. Ішінде бедерлі суреттері бар, оқуға бізге ыңғайлы.

Бөлісу