Басты Жаңалықтар Шымкентте жаңа жолайрық ашылды

Шымкентте жаңа жолайрық ашылды

Шымкенттегі көлік қозғалысы тығыз қиылыстардың бірінде жаңа жолайрық ашылды. Бәйдібек би даңғылы мен Қуаныш Төлеметов көшесінің түйіскен тұсында салынған эстакада арқылы енді көліктер қатынай бастады. Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған жоба шаһардағы кептеліс мәселесін шешуге сеп болмақ. Ірі жол құрылысының жай-жапсарын аймақтағы әріптесім тарқатады.

Бәйдібек би даңғылындағы ұзындығы 571 метрлік эстакада техникалық тұрғыда пайдалануға берілді. Жаңа өткел осы аумақтағы көлік ағынын реттеп, ұзын-сонар кептелісті сейілтуге тиіс. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылып, таңбалары салынды.

Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Мұстафа Шоқай мен Төлеметов көшелерінің қиылысында эллипс пішінді айналма жол салынады. Жерасты өткелдері соғылып жатыр. Ол да осы ағымдағы жылдың аяғында толық беріледі. Жол қауіпсіздігін де, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін де қарастырдық. Қаланың ескі және жаңа жағын байланыстыратын жолдар санын көбейтіп жатырмыз.

Эстакада ашылғанымен, жолайрықтың төменгі деңгейіндегі жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Мұнда айналма қозғалыс ұйымдастырылып, жаяу-жалпыға арналған  жерасты өткелдері әзірленіп жатыр.

Нұртай Жәнібеков, қала тұрғыны:

Күніге кешке шығып қараймын, не болып жатыр екен деп. Жарықты жағып қойып түнде де кәдімгідей күндізгідей істеді, жатпай-тұрмай. Жолды кеңейтіп жіберді. Кептеліс азайды.

Жеті жылдық кепілдік мерзімі ішінде жолайрықтың жай-күйіне мердігер жауап береді. Нысанда ақау анықталса, оны өз есебінен жоюға тиіс.

Данияр Капсалямов, мердігер мекеме өкілі:

Инженерлік желі көп болған соң оны шығаруы бар, жаңа труба салу деген сияқты, кабельдер өткен. Сондай қиыншылықтар болды. 2027 жылы тамыз айында бітіруіміз керек болған. Бірақ қазір ашып отырмыз.

Жолайрықтың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Мамандардың айтуынша, ірі жоба көлік қатынасын жеңілдетіп, қаланың ескі және жаңа бөлігіндегі аудандар арасындағы байланысты нығайтуға сеп болмақ.

Бөлісу