Басты Жаңалықтар ШҚО-да «Шығыс салбурын-2026» фестивалі өтті

ШҚО-да «Шығыс салбурын-2026» фестивалі өтті

Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс салбурын-2026» бүркітшілер фестивалі өтті. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған мәдени әрі этноспорттық шараға 10 мемлекеттің құсбегілері қатысты. Екі күн қатар өткен фестивальде тақымы тастай жігіттер асау үйретсе, саятшылар тазыларын аңға қосты.

Бүркіт төбенің басында 176 құсбегі қырандарын қомдап, томағасын сыпырып, аңға салды. Биыл бүркіттердің көбі бабында екен. Дайындықтары да  жоғары деңгейде. Өйткені бұл бәсекенің жөні бөлек. Себебі мұнда алғаш рет I Азия кубогы өтті. Биылғы Салбурында қырандардың бабымен қатар құсбегілердің киім үлгісіне ерекше мән берілді. Әр елдің қатысушылары өз мәдениетінің ерекшелігін көрсетті. Әсіресе Түркиядан келген бүркітшінің киімі көпшіліктің назарын аударды.

Недим Мутлу, құсбегі:

Қазақстанда болғаным үшін өте қуаныштымын. Бұл шараны жарыс көрмеймін. Мен үшін бұл жер достарыммен, ағайындарыммен үлкен кездесу жері.

Алты жыл бұрын аудандық деңгейде өткен фестивальдің жыл санап дәрежесі өсті. Жиналған жұрт елуден аса тігілген киіз үйдің маңын ән мен күйге бөлеп,  салт-дәстүрге қанықты.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Осы деңгейге жетіп отырғанымыз бүкіл облыстың күшімен. Облыс басшылығы, демеушілердің арқасы, аудан тұрғындары бар. Барлықтарыңызға рақмет білдіреміз.

Сайыс қорытындысында жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының бүркіті бірінші орын алды. Ал екінші орынды астаналық Ерасыл Серікбекұлы, үшінші орынды алматылық ару Аяжан Даниярқызы иеленді. Жарысқа қатысқандардың барлығына сый-сыяпат көрсетілді.

Бөлісу