Жамбыл облысындағы Билікөл тартылып барады
Жамбыл облысынының ең үлкен көлі саналатын – Билікөл тартылып барады. Ал айдынды айнала қонған 10-нан аса ауыл бар. Балық аулап жан баққан жұрттың айтуынша көл жағадан 300 метрге алыстаған. Салдарынан тұрғындар табиғи көл экологиялық апат алдында тұр, деп дабыл қағып отыр. Данияр Әлімқұл дария жағасында болып қайтты.
5 жыл бұрын Билікөлдің жағасы Жаңаөткел ауылына жеткен екен. Көл суы көлік жолының шетіне дейін шайып жатқанын көпшілік күрсіне еске алады. Ақжал толқынды көріп өскен аға буын ауылда балық зауыты болғанын да айтты. Кеңестік кезеңде республика нарығына шыққан. Ал қазір айдынның айналасында небәрі 8 шаруашылық қалған. Себебі жауаптылар суды көрші ауданның көліне бұрып жатыр дейді.
Бекболат Қорлыбаев, Қарабастау ауылының тұрғыны:
Ғасыр бойы ағып жатқан суды бұлар Ақкөлге қарай бұрып алды. Шлюз істеді да, тас қып жауып тастады, Билікөлге ақпайды. Жаздай жабық тұрады. Енді мынау Ақкөлдің шлюзін көріп тұрсыңдар. Көтеріліп, осылай ашық күндіз-түні, ешкім бақылау жасап жатқан жоқ.
Алдаберген Жұмабеков, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:
Көлді көріп тұрсың ғой. Табанында тұрмыз. Міне 67 жыл өмірімде мынандай бәлені көрген жоқпыз. Көлдің суы кеткенге балығы азайды. Ол табиғаттағы заңды нәрсе. Енді шамамыз келгенше табиғатқа қиянат жасап жатырмыз. Сазан ұстай алмайсың, толстолок жоқ, судак жоқ, әшейін карас, қалғаны майда-шүйде. Мына ең төменгі ағыстың өзі 300 метрге, ал бір жарым шақырымға былай кетіп қалған көл. Соңғы 6-7 жылда азайды.
Ауылдықтардың Ақкөл дегені Талас ауданындағы айдын. Аса өзенінің ағысын Сұлтан су арнасы арқылы сонда бұрып, Билікөл бағытын бекітіп тастаған дейді. Сондықтан соңғы 2 жылда судың табиғи ағысы тоқтады деп отыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Міне мынау кезінде толқыны тулаған, шағаласы шулаған Билікөлдің суы біз тұрған жерге дейін жетсе, қазір қалың қамыс қаптаған, жиде жайлаған. Ал қайраңға шығып қалған қайықтардың қаңтарылған жері құр борпылдақ батпаққа айналған.
Ал Шу-Талас инспекциясы Аса өзені арқылы Ақкөлге қосымша су берілгенін жоққа шығармады. Өйткені 1300 гектарды суаратын айдынның су көлемін сақтауға тура келген. Себебі суару маусымында Ақкөлдегі су 80%-ға дейін азайып кеткен. Қазір қос айдынға да секундына 1,5 текше метр су жіберіп жатырмыз дейді.
Данияр Тойшыбеков, Шу-Талас бассейіндік инспекциясының басшысы:
Ол кезде суы ағып түсу жағдайы мүлдем тоқтауға барады. Сол себептен біз басым бөлігін Билікөлге 500 литр болса, ол жаққа 2 куб, 1,5 куб ұстап отырдық. Сол жаз кезінде Ақкөл 20-ақ пайызбен тұрды. Ал Билікөл 49 пайызында тұрды. Біз үнемі бақылауға аламыз. Барып тұрамыз. Оның бәрін қадағалап отырмыз.
Жалпы Билікөлдің су сыйымдылығы 182 млн, ал Ақкөлдікі 264 млн текше метр. Қазір екінші көл 60% межесіне жетсе, басым бөлігін қайта Билікөлге бұрамыз дейді. Сондай-ақ жауаптылар Ақкөлдің төменгі жағында екі кіші көл барын айтты. Сондықтан тұзы шықпауы үшін су дейгейін мүлде түсіруге болмайды деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы