«Ұлттық қор – балаларға»: 365 мыңнан астам жеткіншек пайдаланды
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында 6 млн 918 мың баланың шотына 2,5 миллиард долларға жуық қаражат аударылған. Айта кетерлігі, кәмелет жасқа жетіп, жинағын өз керегіне пайдаланып, жобаның игілігін көріп үлгергендер де бар. Тіпті жиналған қаражатты мұраға қалдыруға болады. Тақырыпты Ақниет Балтанова тарқатсын.
Ақниет Балтанова, тілші:
Мен де екі баланың анасымын. Қазір балаларымның Ұлттық қордағы жинағы қанша болғанын тексерейін. Ол үшін kids.enpf.kz сайтына кіремін. «Қатысушыны іздеу» бөліміне баламның ЖСН-ін енгізіп, «Тексеру» батырмасын басамын. Міне, толық ақпарат шықты. 370 доллар 56 цент жиналыпты. Екінші баламның есепшотын да дәл осылай тексере аламын. Мен сияқты барлық ата-ана қор жинағын қарап, жобаның игілігін көріп жүр ме екен? Сұрап-білейік.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 2024 жылы әр балаға - 100 доллар, ал 2025-те – 129 доллар, биыл 130 доллар түсті. Ең қызығы, бала 18-ге толғанша қаражат инвестициялық айналымға салынады, түскен кірістің есебінен ақша көбейе береді. Яғни шотта жатқан сома да табыс әкеледі. Бүгінде 365 мыңнан астам жеткіншек өз жинағын пайдаланып, жобаның игілігін көрді.
Гүлнұр Ағайдарова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма бастығы:
Осы жылдың басынан 1 қыркүйекке дейін яғни 8 айдың ішінде 170 156 азамат өзінің қаражатын алды. Оның ішінде 119 мың қазақстандыққа тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 50 877 қазақстандыққа білім алу ақысын төлеу үшін қаражат жүзеге асырылды.
Иә айта кету керек, білімге аударылған қаражаттың басым бөлігі Қазақстандағы оқу орындарының ақысын төлеуге жұмсалған. Жиналған ақшаның бәрін бірден жарату міндетті емес. Қажет бөлігін ғана алса, қалған ақша жинақта 10 жылға дейін сақталады. Сондай-ақ жобаға қатысушы қайтыс болған жағдайда, шоттағы қаржыны мұраға қалдыруға болады. Бүгінге дейін 226 мұрагерге 74 мың 460 доллар төленіпті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы