Басты Жаңалықтар ШҚО-да онкология және хирургия орталығына сәулемен емдейтін қондырғы қойылды

ШҚО-да онкология және хирургия орталығына сәулемен емдейтін қондырғы қойылды

Шығыста енді онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар сәулелі терапиямен емделу үшін шетелге бармайды. Облыстық онкология және хирургия орталығына ең соңғы үлгідегі желілік үдеткіш құрылғысы қойылды. Нәтижесінде медициналық көмектің сапасы жақсарып науқастарды үздіксіз емдеуге мүмкіндік туды.

Сәуле терапиясына арналған медициналық қондырғыға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржы бөлді. Жалпы құны 2 миллиард 318 миллион теңге тұратын соңғы үлгідегі медициналық аппарат Британияда өндірілген. Мамандар осы қондырғымен науқастың денесіндегі ісікке сәулені дәл бағыттап, айналысындағы сау ағзалар мен тіндерді зақымдамай емдейді. 

Гаухар Андыбаева, Сәулелі терапиямен емдеу бөлімінің меңгерушісі:

Жоғарғы қуатының арқасында бұрын науқас 10-15 минут емделетін, қазір 3-4 минут ем ала алады. Жоғарғы қуаттылықтың арқасында тез емін қабылдайды. Сапаны бақылау бағдарламасын бұрын қағазбен жасайтын болсақ, енді планшетпен, нотбукпен автоматтандырылған құралдар арқылы жұмыс жасаймыз.

Сәулемен емдейтін бұл қондырғы Шығыс Қазақстан облысы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені  өңірде қазір онкологиялық орталықтың диспансерлік есебінде 15 мыңға жуық науқас тұр. Жыл сайын қатерлі ісікке шалыдыққан 2,5 мыңнан астам адам анықталса, ал орталықта жылына 10 мыңнан астамы емделеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып, сапасын арттыру жөнінде және соңғы технологияларды енгізу бойынша тиісті тарсырмалар беріп отыр. Бүгінгі сызықты үдеткіштің іске қосылуы – осы тапсырманың іске асырылып жатқанының бір көрінісі.

Жоғары қуаттағы жаңа қондырғымен науқас бес-ақ минут емделеді. Бұрын зерттеуді қоса алғанда  25 минутқа дейін созылатын. Ал жаңа құрылғы сәулемен емдеудің тиімділігін арттырып науқастың тез  сауығуына ықпал етеді.

Бөлісу