Басты Жаңалықтар Қызылордалық оқушы инсульт алған адамды сауықтыратын құрылғылар ойлап тапқан

Қызылордалық оқушы инсульт алған адамды сауықтыратын құрылғылар ойлап тапқан

Қызылордада мектеп оқушысы инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған инновациялық құрылғылар жасап шығарды. Өнертапқыш жастың бұл жобасы бірнеше халықаралық байқауда үздік деп танылған. Медицина саласының дамуына үлес қосуды көздейтін зияткердің жаңашылдығын тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп келді.

Ерасыл Айдарбек ойын ойнау арқылы науқас адамды сауықтыруға болатын тың әдіс ойлап тапқан. Оның зерттеуінше үш тәсіл бар: қол моторикасын дамыту, білек бұлшықеттерін қалпына келтіру және есте сақтау, есту қабілетін арттыру. Оқушы ІТ технологияның мүмкіндігімен жасаған ғылыми жобасын медициналық тәжірибеден өткізіп көрген.   

Ерасыл Айдарбек, жоба авторы:

Науқастардың айтуы бойынша бұл жаттығулар қарапайым әдеттегі жаттғуларға қарағанда әлдеқайда қызықты. Біздің құрылғымыз арқылы түрлі ойындар ойнап, пациенттер өздері оңалтуды қалайтын болса, ол кезде оңалту процесі де тез жүретін болады. Себебі бұл есте сақтауға да әсер етеді.

Жас өнертапқыш құрылғылардың корпусын мектептің 3Д принтерінен шығарған. Оған ойын бағдарламасын енгізіп, физикалық жаттығуларды платформамен байланыстырған. Информатика пәнінің мұғалімі жобаға жетекшілік етіп, оқушылардың бұл идеясын жоғары бағалап отыр. 

Әділжан Науан, НЗМ мұғалімі, жоба жетекшісі:

Сол салада жүрген эксперт мамандар жақсы бағасын беріп жатыр. Бірнеше халықаралық және республикалық конкурстарда жүлделі орынға ие болғаннан кейін бұл өміршең жоба деп ойлаймын.

Ерасылдың жаңашылдығын жетілдіруге зияткерлік мектептің үш түлегі де атсалысып, қазір құрылғыларды әлі де дамыту үстінде.

Ерасыл Айдарбек, жоба авторы:

Қазіргі таңда өзіміздің құрылғымызға авторлық құқық иегері атандық. Қазір инвестиция тартып патент және медициналық сертификат алуға құжаттарымызды жинап дайындықты бастап жатырмыз. Елімізде медицинаның дамуына, ребилитациялық процестің дамуына өзімнің үлесімді қосқым келеді.

Алдағы уақытта бұл құрылғы инсульт алған мыңдаған адамның қалыпты өмірге оралуына көмектесуі мүмкін. Ерасыл бастаған жастар сол мақсатта ізденіп, медициналық ұйымдарда кеңінен қолданысқа енгенін қалайды.

Бөлісу