Басты Жаңалықтар Балқаш қаласында туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты

Балқаш қаласында туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты

Биыл Қарағанды облысы Балқаш қаласына 200 мыңға жуық адам келген. Туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты. Онымен қоса мысты шаһарда өндіріс орындары жаңа бағыттарды игеріп, қала экономикасы әртараптанып келеді. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің моноқалаларды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстардың орындалу барысымен танысты.

Премьер-министр алдымен жаңғыртудан өткен Балқаш әуежайының жұмысымен танысты. Стратегиялық нысан қайтарылған активтер есебінен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бүгінде әуежай халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетіп, жолаушыларға сапалы әуе қатынасын ұсынып отыр.

Мейрамбек Мырзахметов, «Балқаш әуежайы» ЖШС директоры:

Балқаш әуежайы өз жұмысын 2026 жылдың 1-ші маусымынан бастап қайта бастады. Қайта құру нәтижесінде әуежай инфрақұрылымы қайта жаңартылды. Ұшу қауіпсіздігі деңгейі артты. Сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Жаңа арнайы техниканың 11 бірлігі сатып алынды.

Былтыр өңірде «Қарағанды – Балқаш» және «Қарағанды – Қарқаралы» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ал биыл ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды – Жезқазған» тасжолын жөндеу жұмысы басталды. Облыс бойынша жазғы маусымда 643 шақырым автожол жөнделді. Сондай-ақ өңірде тоғыз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артты. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр. Премьер –министр Қаратас мыс кен орнындағы  геологиялық барлау жұмыстарымен және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялармен танысты.

Үкімет басшысы Балқаштағы ірі кәсіпорындарды да аралады. Қалада 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен елдегі барлық катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның арқасында ел бойынша жылына 800 мың тоннадан астам мыс өндірілетін болады. Сонымен қатар зауыт аумағындағы кеңейтілген талдау зертханасы мүмкіндіктері көрсетілді.

Бекасыл Аукешов, Қазақстан және Каспий маңы бойынша бизнес-менеджер:

Құрамында алтын, күміс, темір, күкірт және басқа да элементтері бар тау жыныстары, кендері, оның ішінде шикізаттар, концентраттарды анықтайтын зертхана. Және де анодтық, катодтық және қара мысты және мыстың сынамаларын зертханада анықтаймыз.

Балқаш қаласындағы жылу электр орталығында құны 30,3 млрд теңге болатын №5 қазандық агрегатын салу жұмысы жалғасып жатыр. Ал шаһардағы көп салалы аурухана қайтарылған активтер есебінен ауқымды түрде жөндеуден өтті. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, жаңа операциялық бөлімдер ашылды. Жұмыс сапарының соңында Премьер-министр Balkhash индустриялық аймағындағы туристік жобалармен, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Биыл жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге болатын алты жаңа демалыс аймағы ашылған.

Бөлісу