Басты Жаңалықтар Ресейдегі өкпе обасы әлемді алаңдатып отыр

Ресейдегі өкпе обасы әлемді алаңдатып отыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Иркутскідегі жағдайға қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Құрама Штаттар әкімшілігі де пікір білдірді. Алайда ресми Мәскеу 28 жастағы әйелдің өліміне белгісіз пневмония себепші дейді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бұл – Ирктускінің Сібір мен Қиыр Шығыстағы обаға қарсы зерттеулер институтының ғарыштан түсірілген суреті. Дәл осы жерде қазанның 2-сі күні 28 жастағы әйел қайтыс болды. Кейбір ақпарат құралдары оның Дария Шипилова деген аты-жөнін жариялап үлгерді. Болжамдарға қарағанда, марқұм тірі бактериялар салынған шыныны түсіріп алып, сындырғаннан кейін науқастанып, ауруханада көз жұмған. Біреулер оның өліміне өкпе обасы кінәлі дейді. Бірақ Ресей үкіметіне сенсек, қызметкердің ажалына белгісіз пневмония себеп.
Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:
Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жағдай жөнінде көп мәлімет таратып жатыр. Сол деректердің көбі шындыққа жанаспайды. «Роспотребнадзор»  мен оның басшысының ресми мәлімдемесіне ғана сүйенген жөн.
Сібірдегі оқиғадан кейін 200-ге жуық адам карантинге жабылып, олардың 60 пайызы кейіннен оқшаулаудан босатылды. Айта кетсек, жануарлардан адамға және тыныс жолдары арқылы жұғатын обадан 14-ші ғасырда Еуропада 50 миллион адам қырылды. Емделмесе, қазірдің өзінде бұл індетке шалдыққандардың 30 пайыздан 100 пайызының өмір сүріп кетуі екіталай. Дегенмен дер кезінде анықтаса, обадан таза айығуға болады.
Малик Гибани, Лондон империялық колледжінің доценті:
Обаны антибиотиктермен емдеуге әбден болады. Сол дәрілердің көбі өте тиімді және де бұл аурудың антибиотиктерге төзімділігі туралы фактілер сирек кездеседі. Тағы бір қуантарлық жайт - обаны емдеудің бірнеше әдісі қолжетімді.
Швейцария
Өкпе обасы – осы аурудың үш формасының ішіндегі ең қауіптісі. Сондықтан Иркутскідегі жағдай қазір бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Өткен тәулікте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейден зертханадағы өлім жайлы көбірек ақпарат сұрады.
АҚШ
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп зертхана қызметкерінің ажалы биологиялық қарудан келді деген болжамға күмән келтіріп, Мәскеуге көмек ұсынып, тіпті мәселені президент Владимир Путинмен талқылауға дайын екенін мәлімдеп отыр.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан болса, жұқпалы аурудың өз аумақтарына өтуіне жол бермеу үшін шекарадағы сақтық шараларын күшейтіп жатыр.

Бөлісу