Басты Жаңалықтар Жастарға интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Жастарға интернеттегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Қарағанды қаласында жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған семинар өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағында айтылғандай, Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек. Осы ретте студенттерге интернет-алаяқтықтан сақтану, дропперлік әрекетке жол бермеу және өз құқықтарын заң аясында қорғау жолдары түсіндірілді. Қарағанды университетінде өткен жиында жастардың цифрлық қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Мамандар интернет-алаяқтардың кең таралған тәсілдерін айтып, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректер мен банк шоттарына қатысты ақпаратты бөгде адамдарға бермеу қажет екенін ескертті. Мамандардың айтуынша, интернеттегі қауіп-қатерден қорғанудың ең тиімді жолы – бейтаныс адамдарға сенбестен, кез келген күмәнді ақпаратты тексеру.

Әлібек Рахым, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы басқарма қызметкері:

Алаяқтардың түрі күннен күнге өзгеріп, қолданатын амал-тәсілдері де жаңарып келеді. Сонымен қатар, олар жасөспірімдер мен студенттерді, мектеп оқушыларын да қылмыстық әрекетке тартуға тырысады. Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодексінің 232-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан студенттерге мұндай қауіптің алдын ала түсіндірдік – бүгінгі семинардың басты мақсаты.

Бөлісу