Басты Жаңалықтар Әдепті ұрпақ тәрбиелеуде аға буынның орны бөлек

Әдепті ұрпақ тәрбиелеуде аға буынның орны бөлек

Мемлекет басшысы қоғамда жаңа әдеп қағидаларын қалыптастыру қажеттігін көтергені белгілі. Үлкенді сыйлау, қоғамдық көлікте орын беру, көше тазалығын сақтау – ешқашан ескірмейтін қарапайым ережелер. Оны ұстану үшін әркім өзінен бастау керек дейді батысқазақстандық мәдениеттанушылар мен қоғам қайраткерлері.
Мәдениет амандасудан басталады. Әсіресе, жастардың ізетті болуы, көшеде өзін-өзі ұстауы, қоғамдық көліктегі әдебі әлеуметті алаңдатады. «Сондықтан бұл істе аға буын өкілдерінің тәрбиесі аса қажет», - дейді мәдениеттанушы.
Асхат Әмен, М.Өтемісов атындағы БҚУ аға оқытушысы:
Есіктің алдына топырлап тұруы жастардың арасында қазіргі кезде үлкен көрініс және де автобуста орын бермеуі үлкендерге. «Мен де сол ақшаны төледім» деп отыра беруі, «Мен де шаршадым» деген – сондай түсінік бар. Бір күндік жұмыс емес мұның бәрі. Алдын алу үшін үлкендер жағы үлгі көрсетсе. Жастарды әдепсіз деп сынай беру де дұрыс емес. Олар бізге қарап өседі.
Кейінгіге үлгі болып жүрген үлкендердің бірі – Тамара Нәбиқызы. Ата-ана тәрбиесін, ене ұлағатын көріп, кейін екі келін тәрбиелеген ол қазір жас аналарға ақыл-кеңесін беріп жүр. Оның пайымынша аймақтағы аналар, ардагерлер кеңесі секілді қоғамдық ұйымдардың ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Сондықтан Әдептен озбау, адал азамат болу жайында сөз қозғап, жастармен жиі кездеседі.
Тамара Нәбиқызы, қалалық аналар кеңесінің жетекшісі:
№ 22, 5 автобустарда көбіне студенттер, автобус та жақсы ма, соңғы кезде орын бере бастады. Кейде өзім ойлап қоямын, біз жер-жерде кеңесімізді айтып жүреміз ғой, ардагерлер ретінде, мүмкін соның пайдасы тиіп жатқан болар деп. Жалпы тәрбие құралы - сөз ғой. «Сөзді көзбен көре алмайсың, жүрекке жетеді, Қолмен ұстай алмайсың, тағдырыңа әсер етеді» дейді. Сөз адамзатты түзейді деп ойлаймын.
Ал экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін көшеге қарапайым қоқыс жәшіктерін жиі қойып, тазалыққа жағдай жасау керек дейді әлеуметтанушылар. Қалада шағын тынымбақ, саябақтарды да көбейту қажеттігін ұсынады. Ең бастысы, әр адам өзгеруді өзінен бастаса, қоғамдық әдептің жаңа қағидалары қалыптасары анық.

Бөлісу