Басты Жаңалықтар Маңғыстауда тау туризмі дамып келеді

Маңғыстауда тау туризмі дамып келеді

Маңғыстаудың көрікті жерлеріне қызығушылық танытатын саяхатшылар саны жыл сайын артып отыр. Биыл сегіз айдың өзінде 17 мыңнан астам турист келген. Саяхатшылар әсіресе Бозжыра мен Қызылкүп шатқалдарына жиі барады. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жол бойында сервистік нысандар бой көтеріп, визит-орталықтар жұмыс істей бастаған.

Бозжыра шатқалы – Маңғыстаудың табиғи символына айналған ерекше мекен. Ақ борлы жартастары мен мыңжылдық тарихы бар тау бедеріне қызығушылар көп. Сол үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Саяхатшыларға жағдай жасау үшін туристік нысандар бой көтеруде. Соның бірі - Бозжыра визит орталығы күніне 200 турист қабылдайды. Мұнда саяхатшылар тамақтанып, тынығады. Ал тағы бір визит орталығының құрылысы жүруде. Инвестициялық жоба келесі жылы ақпан айында пайдалануға берілмек.

Саяхатшылар Бозжыраға дейін Қызылкүп шатқалына соғады. Теңіз деңгейінен 268 метр биіктегі бұл мекен түрлі-түсті тау жыныстарымен ерекшеленеді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қызылкүп – Маңғыстаудағы ең ерекше геологиялық ландшафттардың бірі. Оны сыртқы келбетіне байланысты «Тирамису» деп те атайды. Себебі ақ, сарғыш, қызыл, қоңыр түсті тау жыныстары қабат-қабат орналасып, шынында да тәтті тағамның қабаттары сияқты.

Былтыр Маңғыстаудың көрікті жерлеріне 18 мыңнан астам саяхаттап келген. Ал биыл 8 айда 17 мыңға жуық турист ат басын тіреді. Туристерге көрсетілген қызмет көлемі биыл 16 пайызға өскен.

Севим Шеннроулу, турист:

Маңғыстаудың көрікті жерлерін тамашалау үшін екі қызыммен бірге Ыстамбұлдан арнайы келдік. Балаларымды бауырлас елдің салт-дәстүрімен таныстырып жүрмін. Қызылкүптің табиғаты бізге қатты ұнады. Жайлы көлікпен жеткізді, гид-аудармашылардың қызметі көңілімізден шығып жатыр.

Хуанг Айша, турист:

Қызылкүп пен Бозжыраны интернеттен көріп, Қазақстанға келуге асықтық. Бұл жерде ерте заманда мұхит болғанын естідік. Құрбыларыммен бірге ежелгі акуланың тісін іздеп көреміз. Шатқалда жергілікті халық «сфинкс» деп атайтын жартас бар екен. Алыстан қарағанда шынымен алып адамның басына ұқсайды.

Аймақта туризмді дамытуға арналған 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бар. Оның аясында бірнеше туристік нысанда сервистік орталық ашу көзделген.

Мәншүк Қабдықызы, облыстық туризм басқармасының басшысы:

Бір инвестор бұйырса келесі жылдың ақпанына дейін қосымша туристік жол сервисін ашады. Сол Бозжыраның шатқалына қарай. Көлікпен сол жерге барып, ғаламтордың таратылымы 100 метрге дейін болады. бірақ локацияға Шерқала болсын, Айрақты болсын арнайы аяқтай баратындай қылып жасаймыз.

Жығылған мүйісіндегі «Сартас» визит орталығы да саяхатшылар жиі аялдайтын орындардың бірі. Мұнда күніне 100-ге жуық туристке қызмет көрсетіледі.

Бөлісу