Халықтың 71%-ы денсаулық мәселесін жасанды интеллекттен сұрайды
Ел тұрғындарының 71%-ы денсаулығына қатысты мәселе туындағанда жасанды интеллекті, оның ішінде ChatGPT-ге жүгінеді. Ал халықтың 94%-ы өз бетінше емделуді жөн көреді екен. Бірақ оның 15%-ы сырқатын асқындырып алған.
Мұндай мәліметті халықаралық STADA Health Report зерттеуі көрсеткен. Қазақстан ЖИ көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық бойынша зерттеуге қатысқан елдер арасында алдыңғы орынға шыққан. «Десе де технология дәрігер қызметін алмастыра алмайды», - дейді сарапшылар. Тұрғындардың басым бөлігі ЖИ-ді медицина маманын алмастыратын құралдан гөрі, көмекші ретінде қарастырады. Онлайн сауалнамаға сәйкес респонденттердің 32%-ы қойылған диагнозды түсіну, өмір салты, дұрыс тамақтану бойынша ұсынымдар алу, ал 24%-ы дәрігерге барғаннан кейін қосымша пікір алу үшін ChatGPT-ге жүгінетінін айтқан. Сондай-ақ дені денсаулыққа қатысты ақпараттың көптігінен сенімді мәліметті ажырату қиын екенін жеткізген.
Жалпы зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың денсаулығын басқаруда жаңа технологияларды белсенді қолдана бастағанын көрсетіп отыр. Бірақ сала мамандарының пікірінше, технологияның жаңа мүмкіндіктермен қатар медициналық сауат пен дәрігердің кәсіби кеңесінің маңызы зор.
Наталья Гарипова, STADA Қазақстан компаниясының бас директоры:
Жасанды интеллект кейде қате ақпарат беріп, адамды шатастыруы мүмкін. Соған қарамастан, көпшілік ChatGPT-ді денсаулыққа қатысты мәселелер бойынша қолданып келеді. Сауалнамаға қатысушылар мұның негізгі себептері ретінде дәрігер қабылдауына жазылудың қиындығын, ұзақ кезекті және жекеменшік клиникалардағы медициналық қызметтердің қымбаттығын атаған. Ал ЖИ-ге жүгіну тегін әрі уақытты үнемдейді. Дегенмен оның кері әсерін болдырмау үшін технологияны дұрыс әрі жауапкершілікпен қолдануды үйрету маңызды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы