Қолөнерші креативті индустрияның дамуына үлес қосып жүр
Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауылында қолөнерші шебер киізден шәркей, баскиім, сөмке секілді түрлі бұйым жасайды. «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында грант алып, шеберхана ашып, бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ләззат Сейіткереева – Жапония тәжірибесінің негізінде қолға алынған «Бір ауыл - бір өнім» жобасына алғашқы қатысушылардың бірі. Жергілікті шикізаттан сапалы өнім жасауға бағытталған бұл бастама төрт жыл бұрын Тайпақ ауылында қолдау тапты. Кәсіпкер жобаның жеңімпазы атанып, грант ұтты.
Ләззат Сейіткереев, қолөнерші:
2,5%-бен «Ауыл аманатының» несиесіне қол жеткіздім. Ресейден 5 станок алып келдім. Қазақстанда кәсіпкерлердің 90 %-ы қой жүнін өңдемейді. Тек қана дайын жүнді алып, өнім жасайды. Ал біз қой жүнін бүкіл шаң-тозаңынан арылтып, өңдеп, өзіміз түтіп, өнім жасаймыз.
Қазір шебердің цехында он шақты адам еңбек етеді. Олар қой жүнінен шәркей, сөмке, байпақ, бас киім секілді бұйымдарды жасайды.
Ал шикізат, яғни қой жүні арнайы станоктарда тазаланып, түтіліп, үлбіреп шығады. Жылына 10 тонна жүн өңделеді.
Зәмзагүл Қайырлиева, Тайпақ ауылының тұрғыны:
Мынау сырттағы шикі жүн. Әкеліп саламыз, сосын барабан тазалайды бәрін. Тазалап аламыз да, осыған су толтырып құямыз. Сосын сыртқа жаямыз. Кепкен жүнді әкеліп, мынаған салып тартамыз. Қазір осы станок уатып, тазалап шығарады.
Шеберханада тіпті киіз басатын станок та бар. Бұл қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, уақыт үнемдейді.
Көздің жауын алатын көркем туындыларды енді кәсіпкер елорданың талғампаз жұртшылығына ұсынбақ. Апта соңында «Creative Aimaq» жәрмеңкесіне қатысады. Жалпы, өңірде креатив индустриясында 65 кәсіпкер еңбек етіп жүр. Олар сән, дизайнерлік қызмет, мәдени-ойын-сауық, кәдесый бұйымдарының өндірісін дамытып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы