Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Қазақстан 15,5 млн тонна астық пен ұн экспорттады

Қазақстанның астық пен ұн экспорты 15,5 миллион тоннаға жетті. 2025-2026 жылдары бұл өнімдер Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуропа нарықтарына жөнелтілді. Қыркүйектің алғашқы 20 күнінде 674 мың тонна астық шетелге сатылып, жылдық өсім 10 пайыз болды. Ең көп бөлігі Өзбекстанға – 319 мың тонна жіберілген.
Отандық өнімнің үлесі құрылыста 70%-дан асты
Құрылыста отандық өнімнің үлесі 70 пайыздан асты. Елдегі 3 мыңнан астам өндіруші ішкі нарықтың негізгі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Өндірісті қолдау үшін мамырдан бері цементтің кей түрі, бетон, гипс плиталары, табиғи тас бұйымдары мен табақ шыны импортына уақытша шектеу енгізілді. ЕАЭО елдерінен жеткізуге рұқсат бар. Ал құрылыс материалдары нарығының жалпы көлемі 4,2 миллиард доллар. Оның 1,2 миллиарды импортқа тиесілі.
Астана мен Бангкок арасында ұшақ ұшатын болды
11 желтоқсаннан бастап Астана мен Бангкок арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Air Astana жаңа бағытта аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағын қолдануды жоспарлап отыр. Бұл екі ел арасындағы ұшақтарды аптасына 20-ға дейін арттырады. Жаңа бағыт туристік және іскерлік сапарларға жол ашады.
Бір мектептің 8 түлегі Ұлттық ұлан қатарында
Түркістандағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде бір мектептің сегіз түлегі бірге қызмет атқарып жүр. Олар – Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауылының Сабыр Рахымов атындағы оқу ордасының түлектері.  Әрқайсысы әр мамандықты меңгергенімен, әскери ортада қайта табысқан. Бұрынғы сыныптастар қазір Түркістан көшелерінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


Бөлісу