Алматыда екі рет жер дүмпуі болды
Бүгін Алматы мен облыста жер екі рет тербелді. Алғашқы дүмпу таңғы сағат 09:38-де тіркелді. Зілзаланың ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан. Қалада жер сілкінісі 3-4 балл деңгейінде сезілді. Алматы облысы Қаскелең қаласы және Боралдай ауылында дүмпу 2-3 балл, Өтеген батыр кентінде 2 балл болды. Ал екінші табиғи апат сағат 13:53-те тіркелді. Бұл жолы сейсмикалық қозғалыстың ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан. Нарынқол ауылында дүмпу 2-3 балл, Кеген ауылында 2 балл деңгейінде сезілді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.
Ал «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары мен гидротехникалық құрылыстарды, сондай-ақ сел және көшкін қаупі бар учаскелерді тексеріп шыққан. Тексеру нәтижесінде нысандардың зақымданбағаны және барлығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны анықталған.
Айта кетейік, тұрғындар 112 желісі арқылы хабарлама алып, дереу сыртқа шыққан. Кейін оқушылар мен студенттер, қызметкерлер қайта ғимаратқа кіріп, сабақ пен жұмысын жалғастырды. Мамандар Алматыда жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы