Басты Жаңалықтар Алматы облысында суару жүйесі жаңартылады

Алматы облысында суару жүйесі жаңартылады

Алматы облысында биыл суармалы егістікке су жеткізу жағынан тапшылық болмаған. Бірақ суды жеткізетін инфрақұрылымның тозуы – басты түйткіл. Өйткені өңірдегі суару жүйесінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Биыл 127 мың гектарға жуық жер суарылса, алдағы жылдары тағы 33 мың гектар алқапты игеру көзделіп отыр.

Биыл Алматы облысындағы егістікті суаруға 1,5 миллиард текше метрден астам су берілді. Жалпы 7 мыңнан астам шаруа қожалығы су алу үшін келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде,127 мың гектарға жуық егістікке су жеткізілген. Айта кетейік, өңірдегі 9 мың шақырымнан астам суару желісінің 5 мың шақырымнан астамы - бетондалмаған су арнасы.

Аят Сәбитов, облыстық су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Барлық каналды қайта жөндеп, бетондалған арналар орнатпасақ, су ысырап бола береді. Биыл 12 жобаны қолға аламыз. Бұдан бөлек, Ислам даму банкі арқылы тағы 4 нысанды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Мақсат - су қоймасынан қанша текше метр су жіберілсе, сонша су шаруа қожалықтарына дейін жетуі керек.

Яғни су қоймасынан шыққан судың бір бөлігі егістікке жетпей, тозған каналдар арқылы жерге сіңіп кетеді. Енді су ысырап болмас үшін, 552 шақырым суару желісін жаңартып, 33 мың гектар жерді суармалы алқапқа қосу жоспарланып отыр. Жоба Ұйғыр, Балқаш, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарын қамтиды.

Қайрат Бисембаев, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының филиал директоры:

Біз биыл толық ешқандай проблемаға ұшыратпай суды бердік. Мысалыға, былтыр Күрті су қоймасына 2766 гектарға жасалған 101 млн куб су берілді. Ал биыл бізде судың тапшылығына байланысты Күртіде 66 млн ғана су жиналды. Бірақ соған қарамастан біз нақты есептеулер жасап, нақты шараларды әзірлегеннің арқасында 666 гектраға артық су бердік.

Суды үнемдеу үшін егістіктерге тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы 3,6 мың гектарға қолданылды. Ал 2022 жылдан бері 23 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер қайта игеріліп, су шығыны 30 пайызға дейін азайған.


Бөлісу