Басты Жаңалықтар Ақтауда Любовь Нам Абай шығармаларын оқытып жүр

Ақтауда Любовь Нам Абай шығармаларын оқытып жүр

Ақтаулық ұстаз Любовь Нам өскелең ұрпақты Абай шығармаларын оқып, терең түсінуге баулып жүр. Қазақтың тілі мен әдебиетін жүрегіне жақын тұтқан педагог-зерттеуші Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтерген білім ордасын басқарады. Ұлы ақынның өлеңдерін жастайынан сүйіп оқыған ұстаз сабақтан тыс уақытын жоғары сынып оқушыларына арналған танымдық үйірмеге арнайды.

Любовь Нам хәкім Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін бес жасында жаттаған. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезде ұлы ақынның шығармаларын мәнерлеп оқып, ұстазын таңғалдырған. Бүгінде өзі де педагог ретінде көркем сөз бен өлеңді ұтымды пайдаланып, шәкірттерінің қазақ тілін еркін меңгеруіне ықпал етіп жүр.

Кәусар Әбдірақым, оқушы:

Жалпы осы уақытқа дейін әдебиетке өте қатты қызығушылығым болатын еді. Бірақ оны сыртқа көрсетуге ұялатын едім. Осы мектепке бері Любовь Александровна біздің директор қызметін атқарушы соған қарап, өзімнің құштарлығым ашылды. Өзі бұрын-соңды білмеген қазақ тілін оқуы, болашақта сол жолды таңдауы маған үлкен шабыт береді.

Ұлты кәріс Любовь Александрқызы Қызылорда облысының Жалағаш ауылында дүниеге келген. Ол жоғары сыныпта оқып жүрген кезінен өзге ұлт өкілдері арасында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанған. Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі ұстаздық еңбек жолын Жаңаөзен қаласында бастаған.  

Любовь Нам, №35 мектептің директоры:

Орыс тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан орыс тілінде сабақ алдым. Бірақ алайда Маңғыстауға келген кезімде орыс тілі қажет болмай қалды. Қазақ тілін білу дәрежесі, сөйлеу дәрежесі одан есеге жоғары өсті. Менің хоббиім осы Абай өлеңдерін, «Абай жолы» романын Мұхтар Әуезовтің, қазақ елінің өмірі туралы білу, үйрену болды. Сол мақсатта жас маман бола тұра «Абай оқуларына» қатысып, Гран-при алған болатынмын.

Қазақ тіліне деген құрметін шәкірттеріне де дәріптеп жүрген ұстаздың ендігі мақсаты – Абай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту. Қазір Любовь Нам оқушыларын «Абай оқуларына» дайындап, олардың көркем сөзге деген қызығушылығын арттырып жүр.


Бөлісу