Басты Жаңалықтар «Орталық Азия+» форматының мәні неде?

«Орталық Азия+» форматының мәні неде?

Байқайсыздар ма, Орталық Азия + форматы кеңейіп келеді. Бұл бағыттың негізі 2004 жылы қаланды. Сол жылы Жапония Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы диалогты бастады. Кейін Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан секілді мемлекеттермен жалғасты.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

«Орталық Азия мемлекеттері арасында жалпы ішінара түсінбеушіліктер бар, сол себепті бірлесу өте қиын, әуелі мүмкін емес» деген пікірлер айтылатын сарапшылар тарапынан. Дегенмен Орталық Азия мемлекеттері бірлесе отырып жұмыс істей алатынын, бірлесе отырып сыртқы серіктестермен ынтымақтастықты арттыра алатынын дәлелдеді. Сол себепті бұл формат тиімді түрде ары қарай да жұмысын жалғастырады деп ойлаймын.

Сеулде өткен «Орталық Азия+Корея» саммитінде де президенттер «Сеул декларациясын» қабылдады. Корея, басқа да экономикасы мықты мемлекеттер сияқты, Орталық Азиямен байланысты тұтас өңір аясында дамытуды көздейді. Орталық Азияда табиғи ресурс мол. Уран, литий, вольфрам, молибден сынды құнды әрі сирек металдар бар. Екіншіден, аймақ Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік жолдарының бойында орналасқан. Үшіншіден, мұнда өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға сұраныс жоғары.

Риззат Тасым, саясаттанушы:

Корей тарапы да әлемдік логистикалық, әсіресе экономикалық, тізбектердің өзгеруін экономикасында қатты сезініп отыр. Өйткені олардың басым өндірісі сыртқы экспортқа бағытталғаннан кейін әлемдік өзгерістер оған бірден әсер етеді. Мысалы, Ормуз бұғазына байланысты Таяу Шығыстан Кореяға келетін мұнай көлемі 70 пайызға дейін қысқарып қалған тұстары болды. Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметі бойынша, Орта дәліз бойынша сауда көлемін 2030 жылға қарай 3 есе арттыруға мүмкіндік бар екен.


Бөлісу