Басты Жаңалықтар Желден жүйрік рухты ару

Желден жүйрік рухты ару

140 медаль! Талай дүбірлі додада алдына қара салмаған қайсар қыз  Айдана Жақсылыққызы –   Әлем чемпионы. Халықаралық бәсекеде ел рекордын жаңартқан ол жуырда өткен  ТЖМ Кубогында да қоссайыста жеңіс тұғырынан көрінді. Биік белестерді бағындырып жүрген қостанайлық спортшымен өңірдегі тілшіміз Мәдина Нағашыбай жүздесіп қайтты.

Жүйткіп кеп, мұнараға өрмелеп бір-ақ шыққан батыр қыздың шапшаңдығын желіде көрген көрермен таңдай қағып, сүйсініп жатыр. Айдана Жақсылыққызы спорттағы жолын 17 жасында жеңіл атлетикадан бастаған. 2019 жылы өрт сөндіру-құтқару спортына аяқ басып, небәрі екі аптада республикалық жарыста топ жарды. Кішкентайлы болып, аяқ қолын бауырына алған жас ана тура 40 күннен кейін жарысқа қайта қосылды. Бұл жолы тағы да  чемпионы атанды.

Айдана Жақсылыққызы, өрт сөндіру-құтқару спортынан Әлем чемпионы:

Мен өз ісімді өте қатты жақсы көремін. Тезірек босанып, осы салаға тезірек оралсам екен деп, шығып кеттім. Басында, әрине, қиын болды. Жолдасымның көмегі де бар. Жарыстарға бірге барамыз баламен, жаттығуларда бірге боламыз.

Қоржынында қазір 140 медаль бар. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы. Ал 2023 жылы Түркияда өткен әлемдік додада күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан рекордын жаңартты. Биіктікті небәрі 7.2 секундта бағындырған.

Бақтияр Бәйтік, отағасы:

Спортта басқа адам, үйде басқа адам. Спортқа келетін болсақ, жеңілгенді ұнатпайды. Тек қана бірінші орында болғысы келеді. Алға қойған мақсаты өте көп. Бір-бірімізді түсінеміз, бір спортта, бір салада болғаннан кейін.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Жеңіл көрінгенмен, мына сатының салмағының өзі 8,5 келіден асады. 32 метр қашықтықты еңсеріп өтіп, арнайы техникамен осы сатыны бірінші қабатқа орнатып алу керек мығым. Кейін бірден көз ілеспес жылдамдықпен жоғарыға өрмелеп шығу керек. Көрген көзге, әрине, оңай, бірақ нағыз қара күшті талап ететін спорт.

Айдана Жақсылыққызы, өрт сөндіру-құтқару спортынан Әлем чемпионы:

Көп адам біздің спорттың бар екенін білмейді, біздің спорттың қандай қызық екенін білмейді. Қыстыгүні осында дайындаламыз. Мұнда арнайы қауіпсіздігіміз үшін осындай құм төселген. Әрине, құлап кеткен кездер болды. Өйткені біздің спорт өте қауіпті.

Қазір Әзербайжан елінде өтетін Әлем чемпионатына дайындық қызу. Қазақстан құрамасына облыстан 5 спортшы қатысады. Ал желден жүйрік Айдананың ендігі мақсаты – әлем рекордын жаңарту.


Бөлісу