Басты Жаңалықтар Ертең Азия ойындары басталады

Ертең Азия ойындары басталады

Азия жұрты көз тіккен ХХ Жазғы Азия ойындары ертең ресми түрде басталады. Сары құрлық бәсекесінде ел намысын 558 отандасымыз қорғайды. Олар спорттың 35 түрінен жүлдеге таласады. Жарыс барысы жайлы Жапонияға аттанған «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тілшілері күнделікті ақпарат таратып отырады. Дәл қазір әріптесім Асылбек Данияр Нагоя қаласына жетті. Бізден тікелей байланысқа қосылуға әзір екен.

Асылбек Данияр, тілші:

Қазір Жапонияда сағат 00:00-ден асты. Қазақстан уақыт айырмашылығымен 4 сағат алда. Иә, Нагоя қазір нағыз спорттық мегаполиске айналды. Әуежайдан бастап метроға, жалпы адамдар көп жүретін қоғамдық орындарда Азия ойындарының жарнамасын байқауға болады. Дерлік барлық жерде баннерлер ілінген, тіпті ақпараттық орталықтар да жұмыс істеп тұр. Жалпы, Жапония үшін мұндай ауқымды дода  таңсық емес. Бұған дейін Токио мен Хиросимада өткен еді. Енді араға 32 жыл салып тағы да құрлықтық доданы қабылдап жатыр.

Осыған дейін айтқанымыздай, дүбірлі додаға 45 елдің 12 мыңнан астам атлеті қатысатынын айтқан едік. Оларға арнайы орын бөлінді ме?

Асылбек Данияр, тілші:

Спортшылар үшін бұл жолы арнайы Азиада қалашығы салынған жоқ. Ұйымдастырушылар ысырапшылдыққа жол бермеу үшін әрі қаладағы орын тапшылығын шешу үшін атлеттерді Италиядан келген зәулім «Costa Serena» круиздік лайнеріне орналастырды. Сонымен бірге, порт аумағынан тез құралып-жиналатын орындар да қарастырылған.

Жалпы билеттер сатылымы қалай? Қай спорт түрлеріне сұраныс жоғары екен?

Асылбек Данияр, тілші:

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыстардан бұрын Азия ойындарының ашылу салтанатына билет тез арада сатылып кеткен. Десе де сұраныстың көп болуына байланысты тағы да билеттер сатылымға шығып жатыр. Жеке дара спорт түрлеріне тоқталар болсақ, әрине дзюдо, бокс, футбол, үстел теннисі мен жүзу спортына билет алғандар көп екен.

Енді, Ернұр, уақыт тығыз, тағы бір маңызды ақпаратты еске сала кетейік. Ертең Қазастан уақытымен 13:55 Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ұлттық құраманы дзюдодан Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, 2014 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов пен үстел теннистінен халықаралық жарыстардың жүлдегері Севара Миркадирова бастап шығады. Біз, Жапонияда жүрген тілшілер, спорттық алаңдардан тікелей эфирге қосылып, спортшылардың жарқын эмоцияларын назарларыңызға ұсынамыз. 


Бөлісу