Басты Жаңалықтар ОСК Құрылтай депутаттарын ресми тіркеді

ОСК Құрылтай депутаттарын ресми тіркеді

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын ресми тіркеп, куәліктері мен төсбелгілерін табыстады. Осылайша заң шығарушы орган өкілдерінің өкілеттігі ресми түрде басталды. Сонымен, Құрылтай құрамы қалай жасақталды? Жаңа депутаттардың алдында қандай міндет тұр? Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Асылбек Данияр, тілші:

Сайлау өтті. Халық таңдау жасады. Елімізде жаңа саяси институт пайда болды. Бұл – бір палаталы Құрылтай. Жоғары заң шығару органы депутаттары пропорционалды жүйесі бойынша сайланды. Саяси науқанға 7 партия қатысты. Оның тек бесеуі заңда көрсетілген 5 пайыздан астам дауысты жинады. Бүгін Құрылтайға өткен депутаттарға ОСК куәлік мен төсбелгісін табыстады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

145 адам деген үлкен күш. Еліміздегі үлкен заң шығарушы орган. Тарихымызда тұңғыш рет болып жатқан оқиға. Бұл ел тарихында қала береді. Елімізді өркендетіп, даңғыл жолмен тек алға биікке қарай көтеретін сіздердің де үлестеріңіз болсын деп шынайы тілегім келеді.

Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан жасақталды. Мандаттар партиялардың жинаған дауысына қарай бөлінді. «Әділет» партиясы – 110, «Ауыл» партиясы – 10, «Республика» партиясы – 9, «Ақ жол» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8. Депутаттар құрамында 96 ер адам, 49 әйел бар. Оның ішінде 19 жас пен 6 ерекше қажеттіліктері бар азаматтар бар. Орташа жас: 48.

Асылбек Данияр, тілші:

Еске сала кетейік, Құрылтайдың алғашқы сессиясы ертең сағат 11:00-де өтеді. Кеше Мемлекет басшысы «Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Алғашқы отырыста депутаттардың Ант беру рәсімі өтеді.


Бөлісу