Басты Жаңалықтар Құрылтай депутаттарының тізімі жарияланды

Құрылтай депутаттарының тізімі жарияланды

Санаулы күнде жұмысын бастайтын Құрылтай депутаттарының есімі белгілі болды. Бір палаталы заң шығару органы 5 партия өкілдерінен жасақталды. Бүгін барлық ұйым Саяси кеңес Бюросының жиынын өткізіп, тиісті құжатты Орталық сайлау комиссиясына жолдады. Заң бойынша партиялар депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың 30 пайыздық квотасын сақтауы тиіс. Сайлауда электораттың ең көп қолдауын, яғни 71,17% дауыс алған «Әділет» партиясына 110 мандат бұйырды. Саяси ұйым Құрылтайға баратын депутаттар тізімін әлі жариялаған жоқ. Заң бойынша алдағы үш күнде бекітуі тиіс. Ал дауыс беру нәтижесі бойынша «Ауыл» партиясы екінші болды. Сайлаушылардың 6,26%-ы «Ауылды» таңдаған. Саяси ұйымға 10 орын берілді. Квотаның орындалуы – 60%. Сондай-ақ 5,56% дауыс жинаған «Республика» партиясына 8 депутаттық мандат бұйырды. Саяси бірлестік міндетті квотаны 44,4%-ға орындады. Сонымен бірге «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы да 5 пайыздық межені еңсергендердің бірі. Саяси ұйымды халықтың 5,21%-ы қолдаған. Оларға 8 мандат берілді. Квотаның орындалуы – 50%. Бұдан бөлек, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны электораттың 5,11%-і жақтап дауыс берген. Саяси ұйымнан Құрылтайға 8 адам барады. Квотаның орындалуы – 62,5%.


Бөлісу