Басты Жаңалықтар Құрылтай құрамы қалай жасақталды?

Құрылтай құрамы қалай жасақталды?

Құрылтай депутаттарының сайлауы ресми түрде аяқталды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның қорытынды нәтижесін жариялады. Сонымен, Құрылтайға кімдер барады? Партияларға 145 депутаттық мандат қалай бөлінді? Халық қалаулыларының есімі қашан жарияланады? Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

9 миллион 300 мыңнан астам адам. Бұл – Құрылтай сайлауында дауыс берген азаматтардың саны. Орталық сайлау комиссиясы электораттың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті. Наурыздағы жалпыұлттық референдуммен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқандар саны 224 мыңға артық.

Сайлауға дауыс беруге құқылы азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысты. Ең көп қолдауды «Әділет» партиясы жинады. Ал Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы 5 пайыздық межеден аса алмады. Қалған саяси ұйымдардың нәтижесі 5-6 пайыз шамасында. Ал сайлаушылардың 2,51 пайызы «Бәріне қарсы» нұсқасын таңдаған.

Асылбек Данияр, тілші:

Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытынды нәтижесі бойынша 145 депутаттық мандатты былайша бөлді: «Әділет» партиясына - 110, «Ауыл» партиясына - 10, «Республика» партиясына - 9. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға - 8 орыннан бұйырды. Ал межелі 5 пайызды жинай алмаған Қазақстан халық партиясы мен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясына жоғары заң шығарушы органнан орын бұйырмады.

Енді мандат алған партиялардың алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Партиялар өз тізіміндегі кандидаттардың арасынан депутаттарды анықтауы керек. Заң бойынша оған да уақыт берілген.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Саяси партиялар басшылығының назарын депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан, сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап яғни бүгіннен 5 күннен кешіктірмей айқындайтына аударамын. 

Мандаттарды бөлу кезінде заңда белгіленген 30 пайыздық квота да ескеріледі. Яғни депутаттық корпуста әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар болуы шарт.

Бұл сайлауда тағы бір жаңашылдық қолданылды. Ел бойынша 221 сайлау учаскесінде Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс істеді. Олар тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік беретін уақытша тіркеу рәсімін жүргізді.

Азамат Айманақұмов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бұл сервистерді бізде пайдаланғандардың саны – 17 501 адам. Яғни осының есебінен бізде сайлаушылардың саны көбейді.

Асылбек Данияр, тілші:

Еске сала кетейін, депутаттар тек кандидаттар арасынан таңдалады. Саяси ұйымдар тізімді Орталық сайлау комиссиясына ұсынғаннан кейін оларға арнайы төсбелгі мен депутат куәлігі беріледі. Жоғары заң шығар органының депутаттары күзде жұмысқа кіріседі.


Бөлісу