Басты Жаңалықтар Сарапшы: Сайлау халықаралық стандарттарға сай өтті

Сарапшы: Сайлау халықаралық стандарттарға сай өтті

Сайлау халықаралық стандарттарға сай өтті. Бұл ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде бүгін халықаралық сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттар бас қосып, еліміздегі реформаның өзекті тұстарына тоқталды.

Ресейдің үздік саяси технологтарының қатарына кіретін Константин Калачев қазақстандық тәжірибеден өзге мемлекеттер де үлгі алуы тиіс, дейді. Оның айтуынша, сайлау қоғамдағы саяси өзгерістерге деген сұраныстың нәтижесін көрсетті.

Константин Калачев, саясаттанушы, «Саяси сараптама тобының» басшысы:

Сайлаудың осындай жоғары деңгейде өтуі қазақстандықтардың бірлігін, жаңа өзгерістерге, дамуға дайын екендіктерін көрсетті. Бұл реформа ең алдымен әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Қазақстанда тұрақтылық пен даму бар, сондықтан осы тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Ресей Қазақстандағы сайлауға 69 байқаушы жіберген. Олардың пікірінше, сайлау демократияның шарттарына сай өткен. Шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінде де отандастарымыз белсенді болды.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

Ресейде отандастарымыз бес сайлау учаскесінде дауыс берді. Тек Мәскеу бойынша қатысу көрсеткіші 70 пайыздан асты. Елімізде өткен сайлаудың нәтижесі саяси тұрақтылықты сақтауға және реформаларды іске асырудың дәйектілігіне қоғамдық сұраныстың барын көрсетеді. Президенттің жүзеге асырып отырған саясатына, оның реформаларына қазақстандықтар қолдау көрсетуде.

Құрылтай заңдарды қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді, дейді сарапшылар. Ал бір палаталы Парламент әлемнің 100-ден астам елінде бар. Сондықтан сәтті жүзеге асқан саяси реформа Қазақстанның қарқынды дамуына сеп болады.



Бөлісу