Үгіт-насихат науқанының соңғы аптасы басталды
Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанының соңғы аптасы басталды. Жеті партияның депутаттыққа үміткерлері өңірлердегі кездесуін жалғастырып жатыр. Саяси ұйымдардың кейбірі еңбек ұжымымен кездессе, енді бірі ауыл халқымен тілдесіп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырып жүр.
Петропавл қаласында «Әділет» партиясының республикалық сайлау алды штабы жергілікті
тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға педагогтар, өнеркәсіп және агарлық сектор
қызметкерлері, спортшылар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Басқосу барысында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен
қамту мәселелері талқыланды.
Ерлан Саиров, «Әділет»
партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бұл жерде енді ең негізгі мәселе - ол жұмыс орындары. Сапалы жұмыс орындары. Сонымен бірге енді аграрлы облыс болғандықтан, аграрлы сфераны дамыта отырып - мына озық технологияларды әкелу мәселесі. Ең негізгісі әрине, сапалы жұмыс және жастардың жаңа деңгейге шығуы.
Жалпыұлттық социал-демократиялық
партиясы өкілдері Алматы облысының ауыл тұрғындарымен кездесті. Кандидаттар
жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелеріне құлақ түрді. Дәл
осындай шара Жетісу Ескелді ауданында жалғасты. Басқосуға мәдениет қызметкерлері,
жастар, кітапхана ұжымы және қоғамдық бірлестік мүшелері қатысты. Онда
партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, әлеуметтік саладағы өзекті
проблемаларды көтерді.
Жасұлан Мүкаманов, Жалпыұлттық
социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Жетісу облысының 8 ауданы мен екі қаласында 20 дан астам кездесу өткіздік. Жалпы халықтың жиналуы жоғары. Келесі аптада Көксу ауданы және Талдықорған қаласында бірнеше іс-шараларымыз бар.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Шымкенттегі «Тұлпар автобөлшектер» базарының қызметкерлерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ашық диалог форматында өткен жиында мегаполистегі автотұрақ тапшылығы сияқты әлеуметтік мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау жайы сөз болды. Ал Алматыдағы №2 теміржол вокзалында болған кездесуде қаланы абаттандыру, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу мәселелері көтерілді. Алматылықтар ауа сапасына алаңдайтынын айтып, экологияға зияны аз қоғамдық көлікті көбейту керек, деді.
Алма Қараш, «Байтақ»
жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Кезекті үгіт-насихат кездесуі барысында «Байтақ» жасылдар партиясының негізгі бастамалары мен еліміздің экологиялық болашағына қатысты көзқарасымызды таныстырдым. Осындай кездесулерде адамдардың нақты сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдау өте маңызды.
Қазақстан халық партиясының
Құрылтай депутаттығына кандидаттар
Дінмұхаммед Қонаев атындағы халықаралық қор ғимаратында болып, зиялы
қауыммен кездесті. Саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов қазіргі интеллегенция
елдегі саяси өзгерістерді сырттан қадағалап, баға беруші ғана емес,
Қазақстанның болашағын қалыптастырушы екенін баса айтты. Академиктер мен
тарихшылар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында білім мен
ғылымды, мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау жайы сөз болды.
Партияның республикалық штабы енді Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен
кездеседі. Айта кетейік, Қазақстан халық партиясы Құрылтай депутаттығына 72
үміткер ұсынған.
Ләззат Сүлеймен, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Дінмұхаммед Қонаевтың осы халыққа қызмет етудің ең парасатты, ең қарапайым, ең ұтымды жолымен танысуға келіп, осы үлкен ақсақалдардың батасын да алып және алдағы саясатқа бір үлгі ретінде қабылдап кетті деп ойлаймын.
Оралда «Ауыл» партиясының белсенді
мүшелері «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Жастар қала іргесіндегі
көрікті аумақты күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандырды. «Таза Қазақстан»
экологиялық акциясының аясында ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық адам
атсалысты. Олардың қатарында «Auyl Jastary» жастар қанатының өкілдері,
еріктілер, қала тұрындары бар.
Алшын Жолдығали, «Ауыл» партиясының мүшесі:
Мемлекет басшысының тапсырмасы, идеясы бойынша жасалған «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, осы жерде тұрғындардан қалған қоқыс қалдықтарын жинадық. Біз қазір Орал қаласының көрікті жерінбе, ОРАЛ деген жазудың бойында тұрмыз. Қала тұрғындарына осындай демалыс орындарында демалғаннан кейін артынан жинап, таза ұстаса деген ойым бар.
«Ақ жол» демократиялық партиясының
сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Атырау қаласында жалғасып жатыр. Құрылтай депутаттығына
кандидаттар өңірдегі вагон құрастыратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп,
партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Одан әрі банк қызметкерлерімен
және кәсіпкерлермен де жүздесіп, уәждерін тыңдады. Ал «Атырау Жарық» және
«Каспиймұнайгаз» ұжымымен өткен жиында еңбек адамының мәртебесі, әлеуметтік
қолдау, өндіріс қауіпсіздігі мәселелері көтерілді. Қатысушылар ұсыныс-пікірін
айтып, толғандырған сұрақтарын қойды.
Дания Еспаева, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы:
Кәсіпкерлерге қандай кедергілер бар? Біріншіден әрине мына несиенің қымбаты. Қымбат несие болса олар өндірісті көтере алмайды ғой. Қазіргі несиенің бағасы 20-25 пайыз. Осындай бағамен өндіріс ашу өте қиын. Екіншіден жыл сайын мына ережелер өзгереді. Ал енді кәсіпкерге ең бірінші не керек? Осындай ережелер тұрақты болу керек.
«Respublica» партиясының
кандидаттар Көкшетауда еңбек ұжымдарымен кездесті. Жұмысшылар тегін медициналық
көмек, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін көтерді. Бұдан бөлек, саяси ұйым
мүшелері өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын
таныстырды. Кездесу барысында жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, пікір
алмасты.
Олжас Құспеков, «Respublica»
партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Жастардың жалпы енді қай заманда болсын барлығының бір сұрағы грант мәселесі, жатақханамен қамту мәселелері, жұмыспен қамту мәселелері, тәжірибе өту мәселелері, олардың жанағы алып жатқан білімдерінің замандағы осы заманның талабына сай еңбек нарығына сай болуы, сұранысқа ие болуы барлық жастарды осы сұрақтар мазалайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы