Басты Жаңалықтар Жерасты мешіттері – әлемдік мұра

Жерасты мешіттері – әлемдік мұра

Маңғыстаудың жерасты мешіттері әлемдік мұраға айналды. Жуырда Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан Үпі және Шақпақ ата жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Енді осы тарихи нысандарды сақтау мен дамытуға арналған арнайы менеджмент жоспары әзірленеді. Қасиетті орындарды қорғау, туристік әлеуетін арттыру және инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстар қалай жүргізіледі? Тілшіміз Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Қараман ата жерасты мешіті - ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын Маңғыстаудағы ескі қорымдардың бірі. Шетпе ауылынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда ортағасырлық қорымдар, адай шеберлері тұрғызған күмбезтамдар мен ерекше құлпытастар сақталған. Жерасты мешіті үш бөлмеден тұрады. Сәулет ескерткіші ішіндегі бағаналар түгелдей тау жынысынан қашалып жасалған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл - Қараман ата қорымындағы көне бейіттердің бірі. Мұнда кім жерленгені белгісіз, бірақ жерлеу рәсімі өзгеше. Ішкі қоршауы жұмыртқа пішіндес. Мамандар мұны сәбидің ана жатырындағы кезі бейнеленгенін, ал сыртқы қоршауы үшбұрышты бұл осында жерленген адамның тіршілігіндегі рухани белгісі ретінде қойылғанын айтады.

Қараман ата қазақ тарихында «Қараман атадағы ант» оқиғасымен де белгілі. Аңыз бойынша дәл осы жерде қазақ пен түрікмен арасындағы үлкен дау Бекет атаның төрелігімен шешілген. Содан бері бұл мекен ақиқаттың, әділдіктің және бірліктің символына айналған.

Базарбай Әбдірахманов, геолог, өлкетанушы:

Қараман атаның ең алғашқысы бұл халықтар достығында көп еңбек сіңірген кісі. Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанып, оны ары қарай жалғастырғаны туралы көптеген аңыз әңгімелер сақталған. Аржағымыздың барлығы бір екенімізді, салт-дәстүріміздің, тіліміздің, дініміздің аталардан жалғасып келген асыл дүниені ары қарай жалғастырып, елдің бірлігіне, тұтастығына, достығына қызмет етіп, солай айтылуы керек деп ойлаймын. 

Түпқараған ауданындағы Сұлтан Үпі жерасты мешіті XIII–XV ғасырларға жататын бірегей сәулет ескерткіші. Жерасты бөлмелері табиғи жартасқа ойылып салынса, төбесі тас бағандармен бекітілген. Маңында орналасқан қасиетті құдықтың мөлдір суы бүгінге дейін зияратшыларды өзіне тартады. Халық арасында Сұлтан Үпі теңізшілердің, балықшылардың және су апатынан қорғаушы әулие ретінде құрметтеледі.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енген келесі сакралды орын бұл - Шақпақ ата мешіті. Бұл - Маңғыстаудағы жалғыз жартасты мешіт. Шақпақ ата өз заманында атақты ағартушы болған, осы мешітте балаларды оқытқан.

Шақпақ ата жартасты мешітінің басты ерекшелігі - қабырғаларында араб, парсы және түркі-шағатай тілдеріндегі көне жазулары сақталған. Мешіт тек ғибадат орны емес, рухани орталық қызметін де атқарған. Францияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Александр Наварро Маңғыстауға арнайы келіп, Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи нысандардың сақталу деңгейімен танысты.

Александр Наварро, Францияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы:
Биыл шілде айында бұл тарихи мұра ЮНЕСКО-ның Адамзаттың мәдени және табиғи мұрасын қорғау туралы конвенциясы аясында Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Тарихи мұраларды қорғауға Үкіметпен қатар жергілікті халықтың да белсенді атсалысқаны анық байқалады. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде бұл нысандар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитеті тарапынан мойындалды.

Енді ЮНЕСКО өкілдері бес жерасты мешітіне қатысты сертификатты Қазақстан Үкіметіне ресми түрде тапсырады. Содан соң нысандарды сақтау және дамытуға арналған арнайы жоспары әзірленеді.

Нұрлан Құлбай, өлкетанушы:

Өзінің менеджмент жоспары болады. Сол жоспардың ішінде ЮНЕСКО-ның талаптары бойынша қандай жұмыстар жасайды, туризмнің әлеуетін қалай көтеру керек, оған қалай жол салынуы керек, оған инфраструктурасы қалай болуы керек, визит-орталықтар қалай салынуы керек деген сияқты. Соны біз де асыға күтіп отырмыз сол менеджмент-жоспарды. 

ЮНЕСКО тізіміне ену - Маңғыстаудың қасиетті орындарын халықаралық деңгейде қорғап, тарихи мұраны келер ұрпаққа сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл мәртебе өңірдің туристік әлеуетін арттырып, шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын күшейтеді.


Бөлісу