Басты Жаңалықтар Құрылтай сайлауына 24 күн қалды

Құрылтай сайлауына 24 күн қалды

Құрылтай сайлауына қатысатын партиялардың өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси ұйым кандидаттары еңбек ұжымдары мен шалғай ауыл тұрғындарымен жолығып, тұғырнамасын таныстырып жүр.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері Қарағанды облысына барды. Саяси ұйым төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Qarmet» ұжымымен кездесті. Қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту, кадр даярлау, жалақыны көтеру сынды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ партия мүшелері ғалымдар, педагогтер және облыс тұрғындарымен де жүздесті. Жұртшылыққа сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңарған Конституция еліміздің болашақ дамуына негіз қалап, қоғамда әділет қағидатын нығайта береді. Оның әрбір нормасы, әрбір ережесі «Әділет» қағидатына негізделген.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағанды облысындағы Пришахтинск ауылы тұрғындарымен кездесті. Жиында қоғамдағы өзекті проблема – кибералаяқтық мәселесі көтерілді. Сақтық шаралары туралы айтылды. Ал Астанада партия өкілдері №4 қалалық емхананың ұжымымен жүздесіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты. Саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ Абай облысының Бесқарағай ауданында жастармен де кездесу өтті.

Рүстем Сарманов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы:

Жастардың мәселесіне назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады.

«Байтақ» жасылдар партиясы өкілдері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері көтерілді. Алма Қараш партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Ал әлеуметтік сала мамандары күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерін көтеріп, толғандырған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ халықтың осал топтарына көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Алма Қараш, «Байтақ» партиясының мүшесі:

Кездесуде халықтың ұсыныстары мен ой-пікірлеріне куә болдық. Жасы үлкен азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – денсаулық. Әрине экология мәселесі де көпшілікті толғандырады. Бұл – баршаға түсінікті әрі маңызды тақырыптар. Кездесу өте мазмұнды өтті.

Қостанайда «Ауыл» партиясы өкілдері «Қазпошта» қызметкерлерімен кездесті. Облыстың 400-ге жуық елді мекеніне қызмет көрсететін мекемеде мыңға жуық адам еңбек етеді. Жиын барысында саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауыл-аймақты дамыту жайы сөз болды. Мұндай шара Мәскеу және Александров ауылдарында да өтті. Тұрғындар инфрақұрылымды жетілдіру, кадр тапшылығы сынды мәселелерді көтерді. Ал Астанада өткен «Әйелдердің саясаттағы рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде әйелдерді қолдау, отбасы институтын нығайту жайы талқыланды.

Арман Исмаилов, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Ең бірінші біз Қостанай ауданынан бастадық. 25-30 жұмыскері бар екен. Солармен кездесу өткіздік. Олар қандай сұрақ қойды десеңіз, негізгі мәселе – жастар ауылға бармай жатыр. Кадрлар жетпей жатыр, механизаторлар, агрономдар жетіспей жатыр.

Ақтөбеде «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасуда. Бүгін партия төрағасы Дания Еспаева бастаған кандидаттар шағын және орта бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау жайы көтерілді. Сонымен қатар бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері сөз болды. Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынған.

Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Біздің басты мәселеміз – осы кездесуде қазіргі кезде шағын және орта бизнесті қандай мәселелер толғандырып тұрғанын талқылап, пікірлесіп, соны өз жұмысымызда пайдалану. Шағын және орта бизнес дамыса, біздің экономикамыз дамиды.

«Respublica» партиясының өкілдері Талғар ауданының Белбұлақ ауылында медицина қызметкерлерімен және ем қабылдап жатқан тұрғындармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында үміткерлер саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырып, негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамытуға арналған бастамалар жайында баяндады. Кездесу барысында сайлаушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әңгіме емдеу сапасы, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелер және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты өзекті тақырыптарды қамтыды. Айта кетейік, «Respublica» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына 75 кандидат ұсынылған. Оның 38-і – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл кандидаттардың жалпы санының 50,7 пайызын құрайды.


Бөлісу