Саяси додаға түсетін 7 партия өңірлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр
Саяси додаға түсетін 7 партия өңірлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Сайлауалды тұғырнамасын таныстырумен шектелмей, бұқараның мәселесіне құлақ түріп жүр.
«Әділет» партиясының кандидаттары Маңғыстау халқымен кездесті
«Әділет» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Маңғыстау облысында жалғасты. Саяси ұйым төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар күні бойы өңір тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Достық үйінде өткен жиында Каспий теңізінің болашағы талқыланды. Ашық диалог барысында өңір халқы жұмыспен қамту, коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі, экология, медициналық көмектің қолжетімділігі, интернет сапасы және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелерін көтерді. Бұдан бөлек, партия өкілдері бірқатар еңбек ұжымымен кездесті.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Мемлекет басшысы «Күшті – Президент, ықпалды – Құрылтай, есеп беретін – Үкімет» формуласын қалыптастырды. Халық үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың мызғымас ұстанымдарының біріне айналып келе жатқанына куәміз. Соның нәтижесінде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың өзі қабылдайды.
ЖСДП кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетаудағы кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Шараға 20-ға жуық жұмысшы қатысты. Басқосу барысында еңбек құқықтарын қорғау, жалақы деңгейін арттыру, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін жақсарту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ партиялықтар қарағандылық педагогтармен де кездесті. Диалог барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен халықтың түрлі санаттарын қолдау тақырыптары сөз болды. Сондай-ақ мектептегі орын тапшылығы, екі және үш ауысымды оқыту, педагогтердің қосымша жүктемесі мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, әйелдердің құқықтарын қорғау, интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, ұстаз мәртебесі мен дарынды оқушыларды қолдау мәселелері де талқыланды.
Мақсұт Насибулов, ЖСДП орталық аппарат жетекшісі:
Біздің қаншама оқушыларымыз әлемнің әртүрлі сайыстарына, олимпиадаларына қатысып, жүлделі орын алып жатыр. Оған көмектесуіміз үшін біз бірінші мұғалімдердің жағдайын, әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек. Үй мәселесі, жалақыны көтеру мәселесі, басқа да әлеуметтік жағдайларын ойластыру керек.
«Байтақ» Жасылдар партиясының өкілі ардагерлермен кездесті
«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Қараш Алма Алматы қаласының Наурызбай ауданы ардагерлерімен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Саяси ұйым өкілі сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, экологиялық қауіпсіздік, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және өңірлердің тұрақты дамуына қатысты бастамаларға тоқталды. Жиын барысында жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы мен жаңа бастамаларды іске асыру жайы талқыланып, жұмыспен қамту мәселесі көтерілді. Шара соңында қатысушылар елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті.
Алма Қараш, «Байтақ» Жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Ардагерлер жастық шағындағы Алматыны еске алды. Қазір қаладағы ауаның ластануы, көлік кептелісі көбейіп, жасыл желектің азаюына шағымданды. Сондай-ақ көшелердегі қоқыс мәселесін көтерді. Үлкен буын өкілдері жастардың қоқысты кез келген жерге тастап кететініне алаңдайтынын айтты.
«Ауыл» партиясының кандидаттары дәрігерлермен кездесті
Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар. Бүгінде елде 8 мыңға тарта медицина қызметкері жетіспейді. Мәселе, әсіресе, ауылдарда өзекті. Бүгін Қосшыдағы медициналық ұйым өкілдерімен кездескен «Ауыл» партиясының өкілдері осылай деді. Құрылтай депутаттығына кандидаттар денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылап, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сала мамандарының пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ саяси ұйым мүшелері «Асыл түлік» мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталығы» ұжымымен кездесті. Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселер талқыланды.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Осы жылы оқуын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы қалада қаламыз деп отыр. Бізде ауылда дәрігерлер жетіспейді, медбикелер де жетіспейді. Үкіметтің аурухана, ФАП салуға жағдайы бар. Амбулатория ашуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол ғимарат бос тұрып қалады. Өйткені ішінде маман жоқ.
«Ақжол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті
«Ақжол» демократиялық партиясының кандидаттары Көкшетаудағы «Кокше-city» серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті. Жылына 50 млн дана ұн қабын шығаратын цехта бүгінде 350 адам еңбек етеді. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, басымдық беріп отырған негізгі бағыттарына тоқталды. Сонымен бірге, еңбеккерлердің толғандырған мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ кездесу барысында кәсіпорын басшыларының да жұмыс жүргізу кезінде кездесетін кедергілерімен танысты. Жиында отандық бизнесті қолдау және халықтың қаржылық сауатын арттыру мәселелері ерекше сөз болды.
Дания Еспаева, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы:
Халықпен сөйлескенде көбісі қарызға батып отыр екен. Бірақ та біз соңғы үш жылда Парламентте осы қарызға қарсы заңдарды қабылдасақ та, көбі өзінің құқықтарын білмейді екен. Сондықтан бүгін менің бірінші міндетім - оларға өзінің құқығын, қандай жолдары бар, несиені қалай төлеуге болады деген банкроттық туралы заң бар, соны түсіндірдік.
«Respublica» партиясының өкілдері еңбек адамдарымен кездесті
«Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Өскеменде бірқатар кездесу өткізді. Олар сүт өндіретін кәсіпорында болып, Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшыларымен және қала тұрғындарымен кездесті. Олар шағын және орта бизнестің салықтық жүктемесі мен шығындарын азайту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ трамваймен жүріп, жастармен ашық форматта елдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылады. Кандидаттар жастармен ашық диалог өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Айта кетейік, «Respublica» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына 75 кандидат ұсынылған. Оның 38 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл кандидаттардың жалпы санының 50,7 пайызын құрайды.
Мейрамгүл Мәдәлі, «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Өскемен қаласының кейбір азаматы парктің мәселесін шешу, қаланың тазалығы деген сияқты дүниелерді де көтеріп жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз - бұл кездесудегі осындай мәселелерді ұғыну, түсіну, жинау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы