Алғашқы жартыжылдықта 3,3 трлн теңге әлеуметтік төлем төленді
Жыл басынан бері 4 жарым млн-нан аса азаматқа зейнетақы мен жәрдемақы ретінде 3,3 триллион теңге төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кеңейтілген отырыста айтылды. Асқарбек Ертаев әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету басты бағыт екенін жеткізді. Жиында халықты жұмыспен қамту жайы да талқыланды. Биыл Павлодар облысында жасанды интеллект негізінде әзірленген Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды. Яғни, енді азаматтар бұрынғыдай жұмыс іздемейді. Керісінше, жұмыс азаматтарды іздейді! Жасанды интеллект жұмыссыз азаматтар туралы деректерді талдап, оларға біліктілігіне қарай СМС арқылы жұмыс ұсынады.
Самал Қадырова, Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
Жұмыссыздықты жоюға ең үлкен көмек көрсетеді деген ойдамын. Бұл жерде азамат өзінің өңірінде ғана емес, көршілес өңірлерден де біліктілігі мен дағдысына қарай жұмыс таба алады. Қазіргі таңда Павлодар облысында 11 мыңнан аса адам жұмыссыздық есепте тұр. 4400-ден астам бос орындар бар.
Төлеу Қайратұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:
Жыл басынан бері біз 281 мыңдай адамды жұмыспен қамтыдық. Оның ішінде 180 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі қазіргі таңда 4,5 пайызды құрап отыр. Ол тұрақты деңгейде.
Бақытбек Қизатов, ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:
Ең бастысы еңбек құқықтарының бұзушылығы еңбекақының уақытылы және толық көлемде төленбеуі. Өткен жарты жылдықта 2 мыңнан аса адам бізге арызданды. Қарау барысында, 40 млн теңгеден аса еңбекақы өтеп бердік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы