Басты Жаңалықтар Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады

Бүгін сағат 18:01-де Құрылтай сайлауына түсетін париялар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Науқан тамыздың 21-нен 22-не қараған түні сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – тыныштық күні. Ал сайлау 23 тамызда өтеді. Оған 7 партия қатысады. Олар барлығы 545 кандидат ұсынған. Атап айтқанда, «Ақ жол» – 63, «Ауыл» – 69, «Әділет» – 186, «Байтақ» – 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 33, Қазақстан халық партиясынан – 72 және «Respublica» партиясынан – 75 үміткер.

Сайлауалды үгіт жүргізудің алдында Бас прокуратура өкілдері сақталу керек негізі ережелерді жариялады. Үгіт-насихат материалдарын Орталық сайлау комиссиясы рұқсат берген сәттен бастап орналастыруға болады. Ал одан ерте ілсе, құқық бұзушы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде орын береді. Үй-жайлар партияларға тең жағдайда ұсынылуы тиіс. Ережені ескермегендер әкімшілік жауапқа тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Шетелде отырып үгіт материалдарын дайындауға, оны жасырын түрде таратуға, сайлауға қатысы жоқ материалдарды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бас прокуратура оған да жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұдан бөлек, кез келген нысанның иесімен келісіп ілінген материалдарды әдейі бүлдіруге, жоюға жол берілмейді. Құқық бұзушы 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.


Бөлісу