Басты Жаңалықтар Павлодарда алапат құйын тұрғындарды әбігерге салды

Павлодарда алапат құйын тұрғындарды әбігерге салды

Бүгін Павлодар облысы Успенка ауданы Қоңырөзек ауылында алапат құйын жүріп өтті. Ағаштарды бел ортасынан қиып, бір орында шаңдата айналып тұрған құйынды ауыл тұрғындары алдымен алыстан көрген. Сәлден соң күш алған жойқын дауыл ауыл шетін кесіп өтеді. Сөйтіп 190-ға жуық түтіні бар Қоңырөзек елді мекеніндегі 12 үйді зақымдап кеткен. Қоршауларды құлатып, терезелерді шаққан. Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында электр желісінің 7 бағанасы зақымданды.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Бастысы адамдар аман.

Ал кеше Екібастұз қаласына қарасты Құдайкөл ауылында нөсер жауын болып, арты бұршаққа ұласты. Қатты дауыл қора-қопсыны құлатып, үй шатырларын ұшырды. Электр бағандарындағы сымдар үзіліп, ауыл бірнеше сағат бойы жарықсыз қалды.

Тлек Зәкәрия, Құдайкөл ауылының тұрғыны:

Үйімнің төбесін, шатырын бәрін жұлып кетті. Сындырды, үйден су ақты, су кетіп отыр. Жеке менің үйім емес, ауылдың бәрінің төбесін ұшырды, техникасын бәрін талқандады. Бұл енді үлкен апат болды деп ойлаймын.

Табиғаттың тосын мінезі екі күн қатарынан Павлодар облысының жекелеген елді мекендерінде ғана байқалған. Қазір жергілікті әкімдіктер зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін келтірілген шығынды есептеп жатыр.


Бөлісу