Бокстан Азия чемпионаты аяқталды

31.01.2014
Бокстан Азия чемпионаты аяқталды
 
Тайландта бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 10 салмақтың алтауында жеңістің ең биік сатысына көтерілген Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
 
Cары құрлықты мекендейтін 11 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері жүлдеге ілікті. Боксы енді дамып келе жатқан елдердің жастарының деңгейі өскендігі байқалды.
 
Азиз Қожамбетов, Азия бокс қауымдастығының бас хатшысы:
Сирия, Қырғыз Республикасы боксшыларының деңгейі біршама өскен. Азияның жастар арасындағы мықты деген спортшылары қатысуда. Сондықтан, чемпионатты орташа деңгейде өтті деп айта алмаймыз. Өте жоғары дәрежеде өтіп жатыр.
 
Жерлестеріміздің жеңісті жолын 56 келі салмақ дәржесінде шаршы алаңға шыққан Сұлтан Зауырбек бастап берді. Кореялық қарсыласын 3:0 есебімен ұтты ол.
 
Ал 60 келіге дейінгі салмақта бокстасқан Абылайхан Жүсіпов сириялық боксшыны шаршы алаңда қуып жүріп сабады. Шеберлігімен көзге түскен ол Азия чемпионатының үздік боксшысы атанды.
 
Бұдан кейінгі үш салмақта бас жүлде үшін тартыс қазақ пен өзбек боксшыларының арасында өтті. Алдымен, 64 келіде Аян Қалибеков қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмаса, 81 және 91 келіде Вадим Казаков пен Темірлан Қабиевтер де алтыннан алқа тағынды. Аса ауыр салмақта Елдос Қадырбаев сириялық боксшыны жеңді.        
 
Телжан Күдеров, тілші:
Елден келген он боксшының тоғызы жүлдеге ілінді. Алты – алтын, үш – қола медаль. Бұл қазақ жастарының еліміздегі бокстың деңгейі жоғары екендігін дәлелдеді. Ендеше алда өтетін Әлем чемпионатында жерлестеріміз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамыз.
 
Енді жас боксшылар сәуір айында Болгарияда өтетін әлем чемпионатына дайындалады.
 
Телжан КҮДЕРОВ

Хабарламаларға жазылу